ӨЗ САЛАСЫНЫҢ ЖАУАПТЫЛАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

1 258

Фото: Жалағаш ауданының әкімдігіБүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданның 85 жылдық мерейтойын және «Алтын күз-2024» салтанатты шарасын қорытындылау жөніндегі мәжіліс өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.






«Берекелі күздің қазан айы Жалағаш ауданы үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Ауданымыз агроөнеркәсіп кешенін дамытуда биылғы жылы ең жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізген үшін облыста «Үздік аудан» номинациясын иеленсе, 24 қазан күні ауданның 85 жылдық мерейтойы және «Алтын күз-2024» салтанатты шарасы жоғары деңгейде аталып өтті. Мерейтойға Қызылорда қаласынан және республикамыздың әр түкпірінен келген қонақтар өткізілген шаралардың куәсі болып, оң пікірлерін айтуда. Бұл біздің аудан жұртшылығының ынтымақ-бірлігінің жемісі деп білемін. Осы жұмыстарды атқаруға аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, аудан әкімінің аппараты, кент, ауылдық округі әкімдері, дербес бөлім басшылары, мекеме басшылары, шаруашылық төрағалары, кәсіпкерлер, аудан ардагерлері, құқық қорғау органдары, білім, мәдениет, спорт және медицина саласының қызметкерлері жоғары деңгейде атсалысты. Сондай-ақ, аудан ардагерлері де өткізілген барлық шараларға белсенділік танытып, өз ақыл-кеңестерін айтып отырды. Елдің ауызбіршілігі мен ынтымағын көрсетіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып Өздеріңізге жүктелген міндеттерді жоғары жауапкершілікпен атқарғандарыңыз үшін барлықтарыңызға шынайы алғысымды білдіремін»,-деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

Мәжілісте ауданның 85 жылдық мерейтойын және «Алтын күз-2024» салтанатты шарасын жоғары деңгейде өткізуге үлес қосқан бірқатар азаматтар марапатталды.

Айта кетейік, 24 қазан күні ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінен бастау алған шара, орталық алаңда ұлттық қолөнер бұйымдары, ауыл шаруашылығы өнімдері, ұлттық тағамдар және аудан кәсіпкерлерінің көрмесімен жалғасып, Бұқарбай батыр ауылдық округінде облыстық ат бәйгесі өткізілді.

Сондай-ақ, ала жаздай еңбек етіп, адал еңбегімен ауыл шаруашылығы саласында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген еңбек озаттары марапатталса, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Жалағаш ауданының құрметті азаматы» атағы табысталды.

Орталық алаңда елімізге белгілі өнер адамдары және жергілікті көркемөнерпаздарымыздың гала-концертімен қорытындыланыды.