Қызылордада сотталғандарға “6 қалпақ” психологиялық тренингі өткізілді
Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінің психолог маманы Ақгүл Аманова сотталғандарға ерекше психологиялық тренинг өткізді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Бұл тренингтің негізгі мақсаты — сотталғандардың ойлау қабілетін дамыту, өз эмоцияларымен жұмыс жасау және дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыру.
Тренингтің негізі әдісінің бірі — Эдвард де Бононың “6 қалпақ” ойлау техникасы. Бұл әдіс жеке тұлғаның ішкі дүниесін түсінуге, әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруға және проблемаларды шығармашылықпен шешуге бағытталған.
Тренинг барысында психолог маман “Бауырсақ” ертегісін айтып берді. Одан соң олар 6 әртүрлі түсті қалпақты таңдап алып, ертегіні түрлендіріп айтты. Әртүрлі түсі мен мағынасы бар алты қалпақтың көмегімен әрқайсысы әртүрлі шешім қабылдап, көзқарастарын білдіріп, өз эмоцияларымен жұмыс жасады.
Тренингте сотталғандар өз эмоцияларымен жұмыс жасауды үйреніп, әртүрлі жағдайларға қалай дұрыс жауап беру керектігін түсінді. Олар өз мәселелерін жаңа тәсілдермен шешуге және қоғамға қайта оралған соң әлеуметтік бейімделу процесінде тиімдірек болуға мүмкіндік алды.