Жанқожа батырдың 250 жылдығына орай жыр мүшәйрасы өтті
Жанқожа батыр Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына орай республикалық әдеби-мәдени, тарихи-танымдық «Әлімсақ» журналы мен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Елдіктің туын желбіреткен қаһарман» атты жыр мүшәйрасы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Жыр додасы алдында жанқожатанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Нұрмахановтың «Тарихи өлең-жырлар мен дастандардағы Жанқожа батыр тұлғасы» атты монографиясының таныстырылымы болды.
Жанқожа – қазақтың тәуелсіздігі жолында күрескен батыры, ХІХ ғасырдың қаһарманы, Хиуа мен Қоқан хандықтарына, отаршыл Ресей империясына қарсы шыққан ұлттық-азаттық көтерілістің басшысы, 17 жасында батыр атанып, сексеннен асқанша қолынан қаруы түспей, ел тәуелсіздігі жолында күресіп өткен халық қаһарманы. Халқының бостандығы жолында бес қаруын асынып, қол бастап, жауымен текетіресіп, елінің тентіреп кетуінен сақтады. Жанқожа батыр сол ұрыстардың барлығына да қолбасшы әрі ұйымдастырушы ретінде қатысып, теңдессіз ерлік, көзсіз батырлық көрсеткен. Сонысымен, жанына ерген жауынгерлеріне үлгі болды, халқына қайрат, елім деген ерге ерік-жігер берген.
Жанқожа батыр қазақ тарихында өзінің әділдігімен, ерлігімен және батырлығымен ерекшеленді. Оның есімі ұрпақтан-ұрпаққа аңыз болып тарап, бүгінгі күнге дейін үлкен құрметке ие. Қазіргі кезде оның атымен көптеген ескерткіштер, мәдени шаралар өткізіліп, батырдың ерліктері мен қайсарлығын ұлықтау мақсатында жыр мүшәйралары, ғылыми конференциялар ұйымдастырылады.
Жанқожа батырдың тұлғасы қазақ халқының ұлт-азаттық күресінің символы болып табылады, оның өмірі мен ерлігі әрдайым ұлттық санада сақталып, жастарға үлгі болып келеді.
Елдік дәстүрді, отаншылдық қасиетті, тарихи тұлғаларды насихаттауды, Жанқожаның болмысын, батырлығын жастарға үлгі етуді, есімін ұлықтауды мақсат тұтқан облыстық жыр мүшәйрасына бірінші кезеңнен іріктеліп келген 9 ақын батыр рухына арналған өлеңдерін оқыды. Жыр додасына ақын, Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысы бойынша өкілі Қаршыға Есімсейітова, ақын, бірнеше тарихи дастандар мен толғаулардың авторы Оңталап Базаралы және филология ғылымдарының кандидаты, жанқожатанушы ғалым Нұрлан Нұрмаханов қазылық етті. Тақырыптың терең ашылуын, өлеңнің ұйқасы және көркемдігіне және көрерменге жеткізе білуін назарға ұстаған қазылар алқасы жеңімпазарды анықтады. Бұл мүшәйраның ерекшелігі, додаға түскен ақындар жүлдесіз қайтқан жоқ. Жүлделі орындармен қатар Жанқожа батырдың үзеңкілес серіктері Мұсабай жырау, Төремұрат жырау, Бекмырза хан, Қызылбас палуан, Ақтан батыр, Дабыл батыр атындағы арнайы жүлделер батыр ұрпақтары атынан тағайындалды.
Жанқожа батырдың 250 жылдығына орай өткен жыр мүшәйрасы — тарихи тұлғаны ұлықтау және оның ел үшін атқарған еңбегін арттыру мақсатында ұйымдастырылған мәдени шара. Жанқожа батыр — қазақ халқының ерлік тарихында ерекше орын алатын тұлға, оның өмірі мен батырлықтары еліміз үшін маңызы зор.
Жыр мүшәйрасының өткізілуі, әсіресе, батырдың ерлігін жырлау мен насихаттауға бағытталған үлкен шара екені айқын. Мұндай іс-шаралар арқылы жастарға батырларымыздың тарихы мен елге жасаған қызметін жеткізу, сондай-ақ ұрпақтар арасындағы мәдени байланысты нығайту көзделеді. Мүшәйраға қатысушылар Жанқожа батырдың ерліктерін, қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы күресін, оның батырлық рухын суреттеген жырларымен жарысқа түскен.
Бұл шараның халық арасында Жанқожа батырдың есімін мәңгі қалдыруға, оның ерлігін жас ұрпаққа жеткізуге ықпал етуі үлкен мәнге ие. Жыр мүшәйрасының нәтижесінде батырдың рухын көтеретін жаңа шығармалар пайда болып, ол халық арасында кеңінен насихатталды.
Жыр мүшәйрасын елімізге белгілі жыршылар Марат Сүгірбаев пен Бексұлтан Орынбасаров отты жырмен, әуезді әнмен әрледі.
Көрермендер «Баба ерлігі – ұрпаққа өнеге» атты кітап көрмесін тамашалады.
Жыр додасында ІІІ орынға Нұркелді Өтепберген, ІІ орынға Бексұлтан Санақұл, жүлделі І орынға Айдар Сайлауов иеленді.