Елордадағы көшеге бұрынғы Премьер-министрдің есімі берілді
Астанада мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаев атындағы көше пайда болды. Бүгін аталған көшенің және осы көше бойына орнатылған ескерткіш-тақтаның ашылуы өтті, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігінің, Энергетика министрлігінің өкілдері, мұнай-газ саласының ардагерлері, зиялы қауым өкілдері және көрнекті тұлғаның отбасы мен туған туыстары қатысты.
Аталған көше елорданың Есіл ауданында орналасқан. Ұзындығы – 1100 м. Түркістан көшесінен басталып, Ұлы дала даңғылында аяқталады.
Көшенің ашылуында алғашқы болып сөз алған Энергетика министрінің орынбасары Әлібек Жамауов Нұрлан Балғымбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның дамуына қосқан орасан зор үлесін атап өтті. Мұнай-газ саласының маманы ретінде жергілікті кадрларды даярлау, заманауи технологияларды енгізу арқылы мұнай-газ кен орындарын барлау, игеру, көптеген кәсіпорын ашу сияқты мұнай саласының өрлеуіне бағытталған қыруар жұмыс атқарғанын айтты.
Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен мерекелік іс-шарадға қатысып, сөз сөйледі.
«Бүгін – шаһарымыздың қоғамдық-саяси өмірінде айтулы күн. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елорда көшесіне тарихи тұлға, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Балғымбаевтың есімі беріліп отыр. Бұл көше қала тұрғындары мен қонақтары көп жүретін орталықта орналасқан.