Ер адам кішкентай баланы аяусыз соққыға жыққан
1 369
Әлеуметтік желіде Степногорск қаласында бейнебақылау камерасына түсірілген видео жарияланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Видеодан ер адамның кішкентай баланы бірнеше рет ұрып, тепкілегенін көруге болады.
Таяқ жеген баланың анасының айтуынша, 8 және 9 жастағы екі бала бір-біріне балағат сөздер айқаны үшін төбелесіп қалған.
"Менің балам өзін бірнеше рет балағаттаған баламен төбелескені үшін оның әкесі тарапынан психологиялық және физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырады. Осындай агрессивті ересектердің өздерін дұрыс ұстауы және балаларымыздың құқығы қорғалуы үшін осы ақпаратты таратуды сұраймын", – дейді жәбірленуші баланың анасы.
Ақмола облысының полиция департаменті балаға қол көтерген ер адамның аты-жөні анықталғанын мәлімдеді.
"Ұрып-соғу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке алу шаралары жүргізілуде. Жасөспірімдердің ата-аналары бала тәрбиесінде өз міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапқа тартылады", – делінген Ақмола облысының полиция департаментінің хабарламасында.