"Селқостыққа енді жол жоқ": ШҚО әкімі ресторан басшыларына қатаң талап қойды

403
Даниал Ахметовтің сөзінше, бұған дейін мейрамханаларға санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтап, "Ашық" жүйесіне қосылу арқылы жұмыс істеуге рұқсат берілген.

Алайдак кәсіпкерлер кейінгі уақытта клиенттерін арнайы қосымша арқылы тексеруді тоқтатып, облыстың "қызыл" аймаққа өткенін елемей, жұртқа жүйені қалай алдап, айналып өтуге болатынын ашық айта бастаған.

"Бұл селқостыққа енді жол жоқ. Біздің облыс COVID-19 індетінің таралуына байланысты "қызыл" аймаққа кірді. Вирус жұқтырғандардың саны күрт өсті. Осыған байланысты және жаңадан жұқтыру жағдайларының алдын алу үшін мейрамханалардың жанына пост қоюға тура келді. Бүгін рестораторлармен кездескенде не жауапкершілікпен жұмыс істейсіңдер, не мүлдем жұмысты тоқтататасыңдар, деп мәселені төтесінен қойдым", – деді облыс басшысы.

Аймақ әкімі ресторандар жұмыстарын жалғастырулары үшін қатаң түрде "Ашық" жүйесі арқылы жұмыс істеп, келген қонақтардың мәртебесін шын тексерулері тиіс екенін тағы ескертті.
Сондай-ақ, олар клиенттердің эпидемиологиялық жағдайын тексеру үшін қоғамдық бақылауды ұйымдастыруға міндетті, мерекелік іс-шара өткізетіндері жөнінде екі тәулік бұрын әкімдіктерге ескертіп, міндеттеме алулары керек.

"Біз осылай ғана науқас адаммен байланыста болғандардың санын нақтылай аламыз. Карантин талаптарын бұзса және мейрамханаларға келген қонақтардың жаппай вирус жұқтырғаны анықталса ең қатаң шара қолданылады", – деді Даниал Ахметов.

Кеңес қорытындысы бойынша, меморандум дайындау жөнінде шешім қабылданды. Оған жұмысты жалғастырғысы келетін және қоғам алдында жауап беруге дайынмын деген рестораторан қожайындары қол қояды.