Жантүршігерлік жол апатынан бір мезетте үш мұғалім қаза тапты
16 желтоқсан күні сағат 15:15 шамасында Қарасу ауданының Герцено елді мекенінен 10 шақырым жерде "Қостанай-Әулиекөл-Сұрған" тас жолында Volvo және Toyota Alphard көліктері соқтығысып, жол апаты болды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Qostanai.media порталына сілтеме жасап.
Жүк көлігінің жүргізушісі Түркістан облысының 1992 жылғы тұрғыны. Ал такси жүргізушісі Шалғышы ауылының 1982 жылғы тұрғыны екені анықталды. Қатты апаттың салдарынан үш жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Тағы үшеуі Әулиекөл аудандық ауруханасына жеткізілді. Олардан кейін облыстық мамандандырылған медициналық мекемелерге жіберілді. Зардап шеккендердің арасында 11 жасар ұл бала бар, ол анасымен бірге болған. Баланың қолдары мен аяқтарында жарақаттар мен кесілген жерлер бар. Анасы да жарақат алған.
Қайғылы оқиғада қаза тапқандардың арасында білім саласының қызметкерлері де бар. Олардың екеуі бұрын Октябрь орта мектебінде жұмыс істеген. Заречная мектеп-лицейінің 35 жастағы орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Карина Лаврик пен Большe-Чураков орта мектебінің 48 жастағы педагог-психологы Луиза Ашаева да қайтыс болды. Бұл тәжірибелі педагогтар туралы әріптестері тек жақсы пікірлер айтты.
Мерт болған Алина Абрамова 2002 жылы туған Целинное ауылынан шыққан. Сондай-ақ педагог болған. Қостанай педагогикалық колледжінде оқып, кейін қашықтықтан жоғары оқу орнында білім алған Алина "Әйгерім Ай" атты гуманитарлық бағыттағы жеке мектепте жұмыс істеді.
Білім ордасының басшысы Құралай Шодорова мұғалімді тек жақсы жағынан сипаттайды.
Айта кетейік, барлық жолаушы мерекелік күндерде туыстарымен бірге болып, облыс орталығына қайтып келе жатқан. Қаза болғандардың артында аналары, қарындастары мен бауырлары қалды. Полиция Қылмыстық кодекстің 345-бабы "Жол қозғалысы ережелерін бұзу, абайсызда екі не одан да көп адамның өліміне әкелуі" бойынша тергеу бастады. Алдын ала болжам бойынша Volvo маркалы көліктің жүргізушісінің ұйықтап кетуі апаттың себебі болуы мүмкін.