Қарағанды тұрғыны банкроттық туралы арыз беріп, өзінің миллионер екенін білген. Әйелдің айтуынша, белгісіз біреулер оның Еуразиялық банктегі есепшоты арқылы 266 миллион теңгеден астам ақша аударған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Гүлмира Сүлейменованың сөзінше, оның есепшотындағы аударымдар 2024 жылдың қыркүйегі мен желтоқсаны аралығында жүргізілген. Бір қызығы, оның есепшоты осы кезеңде несие бойынша төлемдерді уақтылы төлемегендіктен бұғатталған. Ол банкке хабарласқанымен, әлі күнге дейін жауап ала алмаған.
“Есепшоттағы осы әрекетке байланысты мені банкрот деп танымауы мүмкін. Сондықтан қаражаттың қайдан аударылғаны туралы банктен жазбаша жауап керек. Өзім полиция қызметкерімін, сондықтан құжаттарсыз ештеңе дәлелдей алмаймын. Мұны алаятар жасады деп айта алмаймын. Себебі олардың бұғатталған есепшотқа ақшаны салып, аударып алуы мүмкін емес. Аккаунтым әлі жабық тұр", – деді қарағандылық.
Тұрғын банкке хабарласып, түсініктеме сұраған кезде өзін банк қызметкерімін деп таныстырған ер адам сөйлесу үшін кеңсеге шақырған. Онымен кездесейін деп жатқанда, ер адам байланысын тоқтатыпты.
“Банкке барғанымда, олар маған есепшотымнан жаңа үзінді көшірме берді. Онда бірде бір төлем жасалмағаны көрсетілген. Ешқандай аударма болмаған сияқты. Бірақ менің банк қолданбамда барлық сомалар көрсетіліп тұұр. Банктің Қарағанды филиалының басшылығы бұл сомалардың техникалық ақауға байланысты пайда болғанын хабарлады. Солай болса, неге маған ресми түрде жазбайды? Ал маған телефон соққан адамды олар алаяқ деп атады”, – дейді Гүлмира Сүлейменова.
Қарағанды тұрғыны енді жағдайды адвокаттардың көмегімен реттемек.
“Биыл 8 ақпанында оған осы банктің болжамды менеджері телефон соғып, кездесіп, жағдайды реттеуді өтінді. Әңгімелесу үшін үйіне өзі келетінін айтып, кейін 15 ақпанда банкке келуін сұрап хабарлама жолдаған. Банк қызметкерлерінің бұл әрекеті түсініксіз. Екі айдың ішінде жауап алмаған соң, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласуға мәжбүр болдық. Дегенмен әлі жауап ала алмадық”, – дейді тұрғынның адвокаты Евгения Хабарова.