5 жастағы қыз баланы көлікпен қағып кеткен мас жүргізуші сот үкімімен босатылды

1 877

Фото: orda.kzЖетісу облысында бес жасар қызды қағып кеткен мас жүргізуші үй қамаққа жіберілді,- деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

16 мамыр күні кешкісін Жетісу облысының Алакөл ауданына қарасты Достық станциясында қайғылы жол апаты орын алды. Жол жиегімен келе жатқан анасы мен екі баласын көлік қағып кеткен. Әйел арбасындағы сәбиін итеріп үлгергенімен, бес жасар Сезім Рүстемқызы ауыр соққының астында қалған.

Оқиға орнынан бой тасалаған жүргізуші кейін белгілі болғандай, "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының 45 жастағы қызметкері Махсат Жақсылықов екені анықталды. Куәгерлердің айтуынша, ол көлік жүргізу кезінде мас күйде болған. Ауыр жарақат алған бүлдіршін алдымен Достық ауылдық ауруханасына жеткізіліп, кейін Алакөл аудандық орталық ауруханасына ауыстырылды. Дәрігерлер он күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, 26 мамырда Сезім есін жимастан көз жұмды.

Күдікті Жақсылықов 17 мамырда таңертең полицияға өз еркімен келіп, кінәсін мойындаған. Оның айтуынша, ол халықтың ашу-ызасынан қорқып, оқиға орнын тастап кеткен. Сол күні ол уақытша ұстау изоляторына қамалғанымен, 18 мамырда сот оны үй қамаққа жіберді.

Судья Элмира Асубаева бұл істі "онша ауыр емес қылмыс" деп бағалап, айыпталушының тұрақты тұратын мекенжайы, тұрақты жұмысы және асырауында бес баласының барын ескерген. Сонымен қатар, оның жасырыну қаупі дәлелденбегені айтылды.

Алайда марқұм Сезімнің әкесі Рүстем Омаровтың айтуынша, күдікті үй қамақ шарттарын бірнеше мәрте бұзған.

"Сот шешіміндегі мекенжайға барғанымда, Жақсылықов мүлде тұрмайтыны анықталды. Көршілер оның отбасымен бірге Үшаралға көшіп кеткенін айтты. Әкімдік пен полицияны шақырдым, олар бұл деректі актімен бекітті", – дейді ол.