Күтуші баланы тепкілеп, бетінен сызғышпен ұрған

1 557

Фото: Видеодан скринШымкент қаласындағы "Ай Көркем" балабақшасында тәрбиешінің көмекшісі үш жасқа толмаған балаға қатысты дөрекі әрекет жасап, оны ұрып-соққаны анықталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Жәбірленушінің анасы Салтанат Есіркепованың айтуынша,күтуші баласын екі сағат бойы сызғышпен бетінен ұрып, теуіп, сүйреп, құлатып, ішінен ұрған.

"Таңғы сағат 10:00-де ұлымның жағдайын сұрадым. Тәрбиеші жағдайы жақсы екенін айтты. Алайда дәл сол уақытта баламды ұрып жатқан екен. Ұлымның тоқтаусыз жылағаны сонша, дауысы қарлығып, күші қалмаған. Бейнебақылау камерасы арқылы қарасақ балам еденде жатты. Оның ұйықтап қалғаны немесе есін жоғалтқаны белгісіз. Сағат 16:30-да ұлымды алып кетуге келсем: "анашым, күтуші мені қатты ұрды, мен қатты жыладым" деп айтты", – дейді баланың анасы. 

Оның айтуынша, тәрбиеші бастапқыда баланың жай ғана құлағанын, сондықтан оның беті қызарып кеткенін айтқан. 

"Келесі күні басшылыққа шағымданып, бейнебақылау камерасына түсірілген видеоларды көрген соң шындықтың беті ашылды. Күтуші баламның бетінен сызғышпен ұрған. Күтуші жақпа майын жағып, соққы ізін жасырмақ болған. Балабақша басшылығы бәрін біле тұра, болған оқиғаны жасырмақ болды", – дейді әйел.