Көпір құрылысы қарқын алды

1 480

Фото: Қызылорда қаласының әкімдігіҚауіпсіздікке жол ашылды: Қызылөзектегі «Қожақ» көпірі күрделі жөндеуден өтуде, - деп хабарлайды «Opennews.kz» ақпарат агенттігі.

Қызылорда қаласына қарасты Қызылөзек ауылдық округіндегі елді мекен тұрғындары үшін ерекше маңызға ие «Қожақ» автомобиль көпірі күрделі жөндеуден өтуде. Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін, тозығы жеткен көпірдің қайта жаңғыртылуы – көп жылдан бері көтеріліп жүрген маңызды мәселенің шешім тапқанының айғағы.

Көпір – Қараөзекке апарар жалғыз өткел

«Қожақ» көпірі – ауылдық округке қарасты Қараөзек ауылына апаратын негізгі көлік өткелі. Қазіргі таңда елді мекенде 2 354 тұрғын өмір сүреді. Ауыл халқы негізінен бау-бақша өсірумен, ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл көпір – тұрғындар үшін қалаға қатынаудың, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдаудың және күнделікті өмірдің басты инфрақұрылымдық нысаны.

Алайда өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған бұл көпір уақыт өте келе әбден тозған. Соңғы жылдары техникалық қауіпсіздік талаптарына сай келмей, қозғалыс үшін қауіпті нысанға айналған еді.

Халықтың талабы – биліктің назарына ілікті

Қарапайым ауыл тұрғындары бұл мәселені жылдар бойы айтып, түрлі деңгейдегі қабылдауларда, жиындарда мәселе ретінде бірнеше рет көтерген болатын. Олардың бұл талабына билік құлақ түріп, нысанның маңыздылығын ескеріп, көпірді жөндеуге қажетті қаражат бөлінді.

Қазіргі таңда мердігер мекеме – «N Строй Сервис» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жоба жоспарына сәйкес құрылыстың барлық кезеңі қауіпсіздік талаптарына, сапа стандарттарына сай жүзеге асырылуда.

Көпір – тіршілік арнасы

Қызылөзек ауылдық округінің әкімі мен тұрғындары бұл жаңалықты үлкен серпіліс және инфрақұрылым саласындағы ілгері қадам ретінде бағалап отыр. Өйткені ауылдың ішкі және сыртқы қатынасында, әсіресе балалардың мектепке қатынауы, науқастардың жедел жәрдемге қолжетімділігі және шаруалардың өнім тасымалы секілді маңызды салалар осы көпір арқылы жүзеге асады.

Қауіпсіз әрі заманауи өткелге айналады

Құрылыс жұмыстары толық аяқталған соң, «Қожақ» көпірі жаңарған кейіпке енбек. Көпір төсемесі жаңартылып, тірек құрылымдары күшейтіледі, жаяу жүргінші жолақтары мен қоршау қауіпсіздігі де ескеріледі. Бұл – тек құрылыс емес, елді мекенге деген жанашырлық пен инфрақұрылымдық қамқорлықтың көрінісі.

Қоғамның тыныс-тіршілігі – инфрақұрылымнан басталады. «Қожақ» көпірінің жаңаруы – ауыл тұрғындарының қауіпсіздігі мен әлеуметтік жағдайына тікелей әсер ететін маңызды өзгеріс. Бұл – халық пен билік арасындағы ашық диалогтың, өзекті мәселенің шешім табуының айқын үлгісі.