Қазалы ауданында түсіндірме жұмыстары жүргізілді
Қазалыда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазалы ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызметшілер арасында заңдылықты сақтау және қызметтік әдеп қағидаттарын нығайту мақсатында кешенді түсіндірме жұмыстары ұйымдастырылды.
Аталған шара ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Қызылорда облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бастамасымен өткізілді. Іс-шара барысында департаменттің бас маманы – мемлекеттік аудиторы Каржауов Нұрлыбек Кеңесович ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізді.
Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дерті
Кездесудің басты мақсаты – Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының талаптарын кеңінен түсіндіру және қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын арттыру болды.
Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекеттік басқару жүйесіне тигізетін залалды әсері, оның адам тағдыры мен мемлекеттік институттардың беделіне әкелетін қауіптері жан-жақты талданды.
– Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуын тежейтін ең қауіпті фактор. Оны болдырмаудың басты жолы – алдын алу шараларын жүйелі түрде жүргізу және мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық сауатын арттыру. Бұл бағытта әрбір мекеме мен сала қызметкері өз жауапкершілігін сезініп, заң шеңберінде әрекет етуі тиіс, – деді түсіндірме жұмысы барысында Нұрлыбек Кенесұлы.
Әдеп нормаларын сақтау – қызмет беделінің кепілі
Кездесу барысында мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп кодексін сақтау мәселесі де кеңінен сөз болды. Атап айтқанда:
Қызмет барысында заң талаптарын бұзуға жол бермеу;
Қызметтік өкілеттілікті асыра пайдаланбау;
Әріптестер мен азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық, әділдік, адалдық қағидаларын ұстану;
Мекемеішілік тәртіп пен этиканы сақтау;
сияқты маңызды тақырыптар нақты мысалдармен түсіндірілді.
Сонымен қатар қатысушыларға профилактикалық кеңестер беріліп, ашықтық пен әділеттілікке негізделген жұмыс жүргізудің маңызы атап өтілді.
Ұсыныстар мен пікірлер тыңдалды
Жиын соңында бөлім қызметкерлері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, нақты ұсыныстар мен пікірлер ортаға салынды. Қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың тиімді тетіктері мен тәсілдері туралы мағлұмат алып, күнделікті жұмыс барысында адалдық пен заңдылықты басшылыққа алу қажеттігін тағы бір мәрте айқын түсінді.
Жүйелі жұмыс жалғасады
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өкілдері мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын табатынын жеткізді.







