ІІМ: Қылмыстың көп бөлігі мас күйде жасалады
Ішімдікпен күресу бастамаларын жүзеге асырып жүрген белсенділер мен әкімдіктерді ынталандыру ұсынылды.
Республика бойынша маскүнемдікке қарсы күрес шеңберінде ішімдіктен бас тартқан елді мекендердің қозғалысы кеңейтілетін болады. Бұл туралы ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Қазіргі уақытта ішімдіктен бас тартқан елді-мекен саны 400-ден асады. Осындай бастамаларды жүзеге асырып жүрген белсенділер мен әкімдіктерді ынталандыру ұсынылды. Өйткені, бүгінде кісі өлтірудің жартысынан көбі, әрбір үшінші бұзақылық және төртінші тонау қылмысы мас күйде жасалады.
Ведомствоаралық комиссия сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және психологиялық көмек көрсету, оның ішінде құқық бұзушыларға қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі мәселелерін қарады.
Премьер-министр оң динамикаға қарамастан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі елдің отбасылық-демографиялық саясатында өзекті болып қалып отырғанын атап өтті.
Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балалар мәселесі де талқыланды.
Білім министрлігіне мұндай кәмелетке толмағандарды ерте анықтау және қолдау тетігін әзірлеу тапсырылды. Олжас Бектенов отбасын қолдау орталықтары желісін дамытудың, тиімді цифрландырудың және барлық ведомстволардың тұрмыстық қылмыстарға қарсы күресте күш-жігерін біріктірудің маңыздылығын атап өтті.
Отырыс соңында Премьер-министр жергілікті атқарушы органдарға рақымшылыққа іліккен азаматтарды кешенді бейімдеуді, сүйемелдеуді және тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоса алғанда, рецидивтердің алдын алуды қамтамасыз етуді тапсырды.







