Шиелі ауданындағы құрылыс және инфрақұрылым саласындағы ауқымды жобалар
Шиелі ауданында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылым құрылысы қарқынды жүргізілуде – деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Шиелі кентінде спорт кешенінің, ал Бестам ауылында 150 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталды. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.
Сондай-ақ Шиелі кентінде «Оқушылар үйі» мен өнер мектебі бой көтеруде. Қазіргі уақытта бұл жобалар шамамен 80% орындалған.
№219 Ы.Алтынсарин атындағы мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Бәйгеқұм ауылында оқушылардың жазғы демалысына арналған сауықтыру лагерінің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде.
Денсаулық сақтау саласында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Шиелі кентінде 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімінің жаңа ғимараты салынуда. Ауданаралық аурухана жанынан МРТ құрылғысына арналған жаңа корпус салынып, қазіргі уақытта аппаратты орнату жұмыстары күтілуде. Сонымен қатар, «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтуде.
Кенттің шығыс бөлігінде жол, электр, су және газ желілерін тарту жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылуда. Жаңатұрмыс ауылдық округіне қарасты Байсын ауылында да инженерлік инфрақұрылым жұмыстары басталған.
Көпқабатты тұрғын үйлердің сыртын жаңарту, шатырларын жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, автотұрақ құрылысы жүргізілуде. Бидайкөл, Байсын, Жөлек және 1 Мамыр ауылдарының кіреберістеріне ауыл аркалары орнатылып, пайдалануға берілді.
Аудан бойынша 50 көппәтерлі тұрғын үй салу жобасы дайындалуда. Қазіргі таңда жер телімдері белгіленіп, мердігер мекемелер анықталу үстінде.
Шиелі кентіндегі теміржол вокзалының жөндеу жұмыстары басталды.
Заңсыз салынған 35 құрылыс нысаны анықталып, оның ішінде бірнеше нысан бойынша әкімшілік шаралар қабылданды. Кейбір ғимараттардың мақсатты пайдалануы заңдастырылды.
Аудан аумағында жол жөндеу жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Оның ішінде ауыл ішілік көшелер мен аудандық маңызы бар жолдар жаңартылуда. Атап айтқанда, "Самара – Шымкент" автожолының бір бөлігі қайта жаңғыртылып, бірнеше ауылдық округтегі көшелерге асфальт және қиыршық тас төселуде.







