Облыс әкімі «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінің құрылысы талқылады
Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовпен кездесті. Жиын барысында еліміздің ғарыштық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды жоба — «Бәйтерек» ғарыш-зымыран кешенінің құрылысы кеңінен талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Облыс басшысы бұл жобаның өңір үшін стратегиялық маңызын атап өтті. Нұрлыбек Машбекұлының айтуынша, «Бәйтерек» кешені Қызылорда облысы, әсіресе Байқоңыр қаласы үшін әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа көзіне айналмақ. Жобаны іске асыру барысында жаңа жұмыс орындары құрылып, халықты жұмыспен қамту көрсеткіші артады.
Кездесуде Байқоңырдың туристік әлеуетін дамыту мәселесі де қозғалды. Аэроғарыш комитеті ғарыш саласына қызығушылығы бар шетелдік және отандық туристер үшін жаңа мүмкіндіктер ашу бағытында нақты қадамдар жасауда.
Атап айтқанда, туристер үшін онлайн-платформа әзірленіп жатыр, ол арқылы Байқоңырдағы бірқатар маңызды нысандарды көру мүмкін болады. Олардың қатарында:
- «Гагарин старты» алаңы,
- «Гагарин беседкасы»,
- «Энергия-Буран» кешені,
- Динамикалық сынақ стенді және т.б.
Бұл нысандар туристік маршрутқа енгізіліп, ресми түрде қолжетімді болады. Облыс әкімінің айтуынша, мұндай бастамалар өңір туризмін жаңа деңгейге көтеруге ықпал етіп, шетелдік инвестициялар мен турист ағынын арттыруға жол ашады.
Өз кезегінде Баубек Оралмағамбетов екіжақты әріптестік аясындағы жұмыстардың одан әрі жалғасатынын атап өтіп, алдағы жоспарлармен бөлісті. Ол жобаның жүзеге асырылуы арқылы елдің ғарыштық-индустриялық мүмкіндіктері кеңейіп, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа формаларына жол ашылатынына сенім білдірді.