Аудан әкімдігінде өзекті мәселелер талқыланды

2 266

Фото: Қармақшы аудан әкімдігіБүгін облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілістен кейін аудан әкімі Жандос Еркінбектің төрағалығымен аудандық деңгейде жиналыс ұйымдастырылып, онда күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен қаралды. Отырыста цифрлық экономиканы дамыту, денсаулық сақтау саласындағы түйткілдер, жол инфрақұрылымының жай-күйі және өзге де маңызды мәселелер талқыланды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Электрондық сауда – даму мен сапалы өмір сүрудің кепілі

Жиын барысында сауданың цифрлық трансформациясы және электрондық коммерцияны дамыту мәселелері басты назарға алынды. Бүгінде ауданда «Тауарларға бөлшек саудада пошта немесе интернет арқылы тапсырыс беру» экономикалық қызмет түрімен айналысатын 142 жеке кәсіпкер тіркелген. Бұл көрсеткіш цифрландырудың нақты қадамдармен ілгерілеп келе жатқанын білдіреді.

Аудан әкімі Жандос Еркінбек бұл бағыттың маңызын ерекше атап өтті:

– Электрондық сауданың дамуы – тек кәсіпкерлер үшін емес, аудан тұрғындарының өмір сапасын арттыруға ықпал ететін маңызды қадам. Бұл – уақыт үнемдеу, заманауи қызмет көрсету, ашықтық пен тиімділік, – деді әкім.

Жандос Еркінбек цифрлық сауданы дамытуға қатысты жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып, кәсіпкерлерге қажетті қолдау көрсету керектігін тапсырды.

Ана мен бала денсаулығы – басты басымдық

Жиында ана мен бала өлім-жітімін төмендету, осы бағыттағы алдын алу шараларын күшейту мәселесі де кеңінен қозғалды. Аудан бойынша бұл көрсеткіштерде белгілі бір оң динамика байқалғанымен, кейбір елді мекендерде жекелеген келеңсіз оқиғалар тіркелген.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Бақытжан Нысанбаев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, профилактикалық шаралардың күшейтіліп жатқанын жеткізді. Аудан әкімі бұл салада бақылауды әлсіретпеуді және медицина ұйымдарының халықпен тығыз байланысын қамтамасыз етуді тапсырды.

Жол сапасы мен тазалығы – бақылауда

Күн тәртібінде аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының техникалық жай-күйі және жол жиегін тазалау, көлік қозғалысына қолайлы жағдай жасау мәселелері де қозғалды. Бұл бағытта жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар берілді.

Аудан басшысы жол жөндеу және тазалау жұмыстарын белгіленген мерзімде сапалы әрі толық аяқтауды қатаң түрде жүктеп, азаматтардың қауіпсіздігі мен жайлылығы басты назарда болуы тиіс екенін атап өтті.

Тапсырма – нақты, талап – қатаң

Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі барлық сала басшыларына көтерілген мәселелер бойынша тапсырмалардың уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Әрбір салада нақты нәтиже болуы тиіс екенін ескертті.

Жандос Еркінбектің төрағалығымен өткен бұл жиын – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын жүйелі түрде қадағалап, барлық салалардағы мәселелерге жедел ден қоюдың нақты көрінісі. Цифрлық даму, медициналық қызметтің сапасы және инфрақұрылым мәселелері – халықтың өмір сүру сапасын арттырудағы басты басымдықтар болып қала бермек.