Мұғалімдердің жалақысын өсіру үшін оқу орындары оқу ақысын көтерген
458
Жыл сайын оқу ақысының көтерілуі студенттерді алаңдатты, деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Қостанай университетінде осы кезге дейін оқу ақысы екі рет өскен. Студенттер жаңа оқу ақысына өз қарсылықтарын білдіріп, кейбірі тіпті оқудан бас тартуға дайын. Мұндай жағдай еліміздің көптеген оқу орындарында орын алуда.
Есімін жасырған студенттің айтуынша, оқу ақысы алғашқы жылы 150 мың теңге болған.
"Оқуға түскен жылдың басында маған келер жылдан бастап оқу ақысы 200 мың теңге болатынын ескертті. Ал қазір оқу ақысының мөлшерін 420 мың теңгеге көтеріп жіберген", – дейді ол.
Аталған оқу ордасы бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желіде түсінік берді.
"2021 жылы пандемия жағдайында университет оқу ақысын күрт өсіруден бас тартты. Осы себепті, біздің университеттің оқытушыларының жалақысы мемлекеттік университеттердегі әріптестеріне ғана емес, сонымен қатар мектеп мұғалімдеріне қарағанда айтарлықтай төмендеді. Оқу үдерісін тиісті білікті кадрлармен қамтамасыз ету үшін біздің университет жалақыны көтеруге мәжбүр", – деп жазды университет басшылығы Instagram парақшасында.