Қазақстанға ауған студенттерін чартерлік рейспен алып келмек

367
Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқитын немесе оқуға түскен ауған студенттерін елге чартерлік рейспен алып келеді. Бұл туралы білім және ғылым министрлігінің халықаралық ынтымақтастық департаментінің басқарма басшысы Эльмира Асан айтты деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Біз БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен және сыртқы істер министрлігінің өкілдерімен арнайы кеңес өткіздік. Қазіргі кезде біз оқуды аяқтаған, бірақ шыға алмай отырған, сондай-ақ, оқуға түскен немесе оқуды жалғастыратын ауған студенттері туралы ақпарат жинап жатырмыз. Осыдан кейін барлығын Қазақстанға алып келу үшін чартерлік рейс ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз", - дейді Асан.

Оның айтуынша, арнайы рейс Қазақстанда оқитын студенттерді ғана алып келеді. Ал оқуды бітірген және өз еліне қайтатын ауған студенттерінің мәселесі білім және ғылым министрлігінің құзіретіне жатпайды.

"Әлбетте, біз көмек жасаймыз. Өйткені ауған студенттеріне көмек беру бойынша мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Басқа мемлекеттік органдар да осы жұмыспен айналысып жатыр", - деп атап көрсетті Асан.

Басқарма басшысы ауған студенттерінің чартерлік рейсі қай кезде ұшып келетінін нақты айтқан жоқ.

"Дәл қазір нақты мерзімін айта алмаймыз. Себебі осы мәселені шешу үшін біршама уақыт қажет. Кеше Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігімен сөйлестік. Тәлібтер америкалық сарбаздарды 31 тамызға дейін шығарсын деген талап қойды. Осыдан кейін әуежай ашылып, чартерлік рейс мәселесі де шешілетін шығар", - дейді Асан. 
OpenNews
ақпарат агенттігі
Заңды ақпарат

Басылым бетіндегі материалдарды пайдаланған жағдайда сілтеме жасалуы міндетті.

Ақпараттық өнім +18 жасқа толған және жасы одан жоғары адамдарға арналған.

Байланыс

Мәтінде қате таптыңыз ба?
Таңдап, оны белгілеп Ctrl + Enter басыңыз.

Әлеуметтік желілер

Copyright © 2010-2026. «OpenNews» - ақпарат агенттігі.