Қызылордада экологияны қорғау бағытында кешенді шаралар жүзеге асырылуда

2 311

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметіҚызылорда облысында қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Бұл туралы бүгін облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Алмас Искаков мәлімдеді, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Оның айтуынша, өңірде атмосфералық ауа мен су сапасына тұрақты мониторинг жүргізіліп, рұқсатсыз қалдық тастайтын орындар жойылған. Сонымен қатар табиғатты сақтау және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынған.

– Қоршаған ортаны қорғау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, жасыл аймақты кеңейту – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бұл бағытта облыста жүйелі жұмыстар атқарылып келеді, – деді Алмас Илиясұлы.

Экологиялық акциялар мен сенбіліктерге тұрғындар белсенді қатысуда

Жыл басынан бері өңірде ауқымды экологиялық сенбіліктер мен табиғатты қорғауға бағытталған түрлі акциялар ұйымдастырылды. Оларға 156 мыңнан аса тұрғын қатысып, қала мен ауылдардың көшелері, өзен-көл жағалаулары қоқыстан тазартылды. Бұл жұмыстарға 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 6 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық арнайы полигондарға жеткізілді.

Жасыл қорды ұлғайту – басты басымдық

Облыста жасыл желек қорын ұлғайту бағытында да маңызды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін 240 700 дана ағаш көшеті отырғызылып, аймақтың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға оң әсерін тигізуде.

– Бұл тек экологияны жақсартуға ғана емес, тұрғындардың өмір сүру ортасын көркейтуге, жасыл аймақтарды көбейтуге де ықпал етеді. Әрбір азаматтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа ұқыпты қарау – біздің басты назарымызда. Бұл ретте жастар мен еріктілердің белсенділігі де айрықша, – деді Алмас Искаков.

Болашақ ұрпақ үшін – таза орта

Экология департаментінің басшысы өңір халқының қоршаған ортаға деген жауапкершілігі жоғары екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.

– Біз қоғаммен бірлесе отырып, алдағы уақытта да экологиялық ахуалды жақсартуға бар күш-жігерімізді саламыз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы біздің азаматтық борышымыз, – деді ол.