Қармақшы ауданында әлеуметтік тұрғын үй құрылысы - бақылауда

2 261

Фото: Қармақшы аудан әкімдігіЖұмыс сапары аясында Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбек Жосалы кентінде салынып жатқан әлеуметтік жағынан осал топтарға арналған тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі. 

Аталған жоба – халықтың әл-ауқатын арттыру, баспанаға мұқтаж отбасыларды қолдау бағытындағы маңызды әлеуметтік бастамалардың бірі.

50 пәтерлік тұрғын үй құрылысы жүргізілуде

Жоба аясында Жосалы кентінің Тәуелсіздік ықшам ауданында 2 пәтерлі 25 тұрғын үй, яғни жалпы саны 50 пәтер салынуда. Құрылыс үшін тиісті жер учаскелері аукцион арқылы заң талаптарына сәйкес берілген. Бұл тұрғын үйлер бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандар мен басқа да әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған.

Жобаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 750,1 млн теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарына екі мердігер ұйым – «Аман құрылыс» ЖШС және «Интегрострой» ЖШС жауапты болып табылады.

Құрылыс қарқыны кезең-кезеңімен жүргізілуде

Аудан әкіміне берілген мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда:

«Аман құрылыс» ЖШС салып жатқан 25 пәтердің:

  • 18 пәтерінде – іргетасы қаланып, қабырға көтеру (кірпіш қалау) жұмыстары жүргізілуде;
  • 7 пәтерінде – іргетас құю жұмыстары атқарылып жатыр.

«Интегрострой» ЖШС жүргізіп жатқан 25 пәтердің:

  • 20 пәтерінде – іргетасы қаланып, қабырға қалау жұмыстары жалғасуда;
  • 5 пәтерінде – іргетас құю жұмыстары жүргізілуде.

Құрылыс жұмыстарының нақты кесте мен бекітілген жоба-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізілуі басты назарда.

Аудан әкімі тарапынан сын-ескертпелер айтылды

Нысандарды аралау барысында аудан басшысы құрылыс сапасы мен ұйымдастыру мәселелері бойынша бірқатар кемшіліктерге назар аударды. Жұмыстардың кейбір учаскелерінде талапқа сай орындалмағаны анықталып, мердігер мекемелерге нақты ескерту берілді.

– Құрылыс жұмыстарының сапасы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығының кепілі. Уақытылы әрі сапалы жұмыс – әрбір мердігердің басты міндеті. Сондықтан кемшіліктерді жою және нысанды мерзімінде тапсыру – сіздердің тікелей жауапкершіліктеріңізде, – деп атап өтті аудан әкімі Жандос Еркінбек.

Сонымен қатар, сала басшыларына және техникалық қадағалаушы мамандарға күнделікті бақылауды күшейтіп, барлық құрылыс процестерін қатаң қадағалауды тапсырды.

Әлеуметтік нысандардың сапалы әрі уақытында пайдалануға берілуі – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Қармақшы ауданы әкімдігі халықтың баспана мәселесін шешу бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратын болады.