Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көлік және логистика саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 8 қыркүйектегі халыққа жолдауында көлік және логистика саласындағы өзекті мәселелерге тоқталды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы жолаушылар тасымалына қатысты халықтың наразылығы орынды екенін атап өтті.
Жұрттың вагондардың жай-күйіне көңілі толмайды. Астанада вагон құрастыратын зауыт іске қосылды. Бұл осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жасалған маңызды қадам болды. Озық халықаралық стандартқа сай жабдықталған заманауи жолаушылар вагонын жасау шетел инвесторының қатысуымен қолға алынады, – деді президент.
Сонымен қатар, ол авиация инфрақұрылымының жаңғыртылуына ерекше тоқталды.
Соңғы жылдары авиация инфрақұрылымын жаңғырту үшін көп жұмыс істелді. Былтыр Алматы, Шымкент, Қызылорда қалаларында жаңа терминалдар ашылды. Жақында Зайсанда, Қатонқарағай және Кендірліде әуежай құрылысы аяқталады. Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттыруға ықпал етеді, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Торғай аймағының әлеуметтік-экономикалық дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы керек, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы әуе жүк тасымалына да басымдық беру қажеттігін айтты. Оның сөзінше, қазіргі таңда бұл саладағы ахуал жақсарып келе жатқанына қарамастан, әлеует толық пайдаланылмай отыр.
Мен бұған дейін әуемен тасымалданатын жүк көлемін екі есе ұлғайту жөнінде тапсырма бердім. Бұған бірінші кезекте, шетелдің ірі инвесторларын тарта отырып Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру арқылы қол жеткізуге болады, – деді ол.
Президент экспресс-жүк тасымалдауды ретке келтіру, жаңа технологияларды енгізу және құқықтық базаны жетілдіру қажеттігін де ескертті.
Қазір бүкіл әлемде пилотсыз жүк тасымалдайтын арнайы автокөліктер мен дрондар сияқты көлік түрлері дамып жатыр. Үкімет осындай технологиялардың тез арада қолданысқа енгізілуіне барынша жағдай жасауы қажет, – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев Қазақстанның стратегиялық бағытын тағы да айқындап берді:
Жалпы, мен бұған дейін бірнеше рет айттым: Қазақстан Еуразиядағы көлік хабы болуға тиіс. Бұл – стратегиялық маңызы зор міндет. Бұл жұмысқа осы салада табысқа жеткен үздік мамандар мен кәсіпкерлерді тарту керек. Бірақ негізгі жауапкершілік – Үкіметте, – деп түйіндеді ол.







