Бейтаныс ер адам көшеде балаларды сүйіп, өзімен алып кетпек болған
Құлсарыда көшеде балаларға тиіскен, оларды сүймек болып, өзімен бірге әкетуге әрекеттенген ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде Атырау тұрғыны бөтен ер адамның балаларға тиіскенін айтып, шағымданды.
Жылыой аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері 1985 жылы туған Құлсары тұрғынын анықтап, ұстады. Ол 8-9 жастағы екі жасөспірімге қатысты заңсыз әрекеттер жасады деген күдікке ілінді. Ұсталған адам II топтағы мүгедек болып шықты.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғаға байланысты полицейлер кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, балаларды қараусыз қалдыруға қатаң тыйым салынатынын ескертті.
Сотқа дейінгі тергеудің барысы Атырау облыстық полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында.







