Нұр-Сұлтанда тегін гүл таратқан дүкен иесі жауапқа тартылмақ

457
Нұр-Сұлтан қаласының полиция қызметкерлері 1 қыркүйек қарсаңында тегін гүл таратқан дүкен иесіне қатысты материал жинақтап жатыр деп жазады Sputnik Қазақстан.

Елорда полиция департаменті ұсынған ақпаратқа сәйкес, 31 тамызда сағат 17.23-те "Байқоңыр" ауданындағы полиция басқармасының учаскелік инспекторына елорда тұрғынынан Сәкен Сейфуллин көшесіндегі гүл дүкенінің жанында 100-ге жуық адам жиналғаны туралы хабарлама түскен.

"Дүкен иесі Instagram әлеуметтік желісі арқылы "1 қыркүйекке орай 300 гүл шоғы тегін" акциясын жариялағаны анықталды. Ол бұл шара адамдардың бір жерге көптеп шоғырлануына себеп болатынын есепке алмаған", - делінген полицияның хабарламасында.

Дүкен иесін жауапкершілікке тарту үшін жинақталған материал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.