Сыныптасын соққыға жығып, мерт қылған күдіктілер ұсталды

1 649

Фото: Түркістан облысы полиция департаментіТүркістан облысында қайғылы жағдай орын алды: тоғызыншы сынып оқушысы сыныптасын төс тұсынан ұрғаннан кейін көз жұмды. Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық мектеп оқушылары дереу ұсталған, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі.

Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы бар барлық мектеп оқушылары дереу ұсталған.

“Оқиға орнына келген тергеу-жедел тобы қажетті іс-шаралардың толық кешенін орындады. Алдын ала деректерге сәйкес, тоғызыншы сынып оқушысы сыныптасын төс тұсынан ұрған. Алған соққы салдарынан зардап шегуші сол жерде көз жұмды. Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде полиция күдіктіні және оқиғаға қатысы бар барлық адамдарды дереу ұстады”, – делінген облыстық полиция департаментінің хабарламасында.

Қазіргі уақытта бұл факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп, іс полиция басшылығының қатаң бақылауында.

“Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері балаларды тәрбиелеудегі міндеттерін орындамағаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ әкімдік жанындағы Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді. Ювеналды полиция қызметкерлері осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында түсіндіру және профилактикалық жұмыстарды жалғастырып жатыр”, – деп толықтырды департамент өкілдері.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда 9-сынып оқушысы Мейіржан Нұржанұлы құрдастарының әлімжеттік әрекеті салдарынан қайтыс болғаны хабарланған едік. Тергеу деректеріне сүйенсек, жасөспірімге жүрек тұсына ауыр соққы берілген.

Мейіржан әкесінен ерте айырылған, анасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен, физика мен математика пәндерін ерекше жақсы көрген бала болған. Отбасы тергеудің әділ өтуін және кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.