Жастарға баспана: Отбасы банкі жеңілдетілген бағдарламаларды ұсынады

2 542

Фото:Freepik "Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы – Отбасы банк жастарға аз жинақпен немесе мүлде жинақсыз үй алу бағдарламаларын ұсынып отыр,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

“Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша несие мөлшерлемесі тек 1%, ал ең жоғарғы сома – 9,83 млн теңге. Бағдарлама ауылда сұранысқа ие салаларда жұмыс істегісі келетін дипломы бар жастарға арналған. Өтінім онлайн Baspana Market порталында рәсімделеді.

“Наурыз” бағдарламасы жаңа пәтерге бастапқы жарнаны аз төлеп алу мүмкіндігін береді. Несие мөлшерлемесі – жылдық 9%, бастапқы жарна жаңа әрленген пәтер үшін 10%, әрлеусіз пәтерде 20%. Қазірге дейін 17 мыңнан астам жас қазақстандық осы бағдарламаның қатысушысы.

Сонымен қатар, өңірлік жастар бағдарламалары дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет, спорт, әлеуметтік қорғау қызметкерлері сияқты мамандарға жеңілдетілген шарттар ұсынады. Бастапқы жарна – 10%, несие мөлшерлемесі – жылдық 5%-дан басталады. Биыл бағдарламалар Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және бірнеше облыста іске қосылды.

Қазіргі таңда 18–35 жас аралығындағы 1,4 миллион жас қазақстандық өз баспанасына ақша жинап жатыр. Жыл сайын мемлекет салымшыларға 20% мөлшерінде сыйақы береді. Отбасы банкінің мәліметі бойынша, жастар алған несиелерінің орташа сомасы шамамен 18,8 млн теңгені құрап, 129 448 жас салымшысы өз баспанасына қол жеткізді.