Алаяқтар қайтыс болған баланың атынан ақша жинады

2 515

Фото: Getty ImagesАлматы облысында алаяқтар осыдан 1,5 жыл бұрын қайтыс болған Диас Мұсаның еміне елден ақша жинаған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

Оңласын Асылбаеваның айтуынша, Диас ұзаққа созылған дерттен көз жұмғанына бір жарым жыл болса да, белгісіз тұлғалар оның атынан жалған қор ашып, әлі күнге дейін жұрттан қаражат сұрап жүрген. Марқұмның туыстары мұндай сорақылықты жақында ғана білген.

“Өлген баламның атынан ақша жинап отыр. Бір күн бұрын балам түсіме кірді – мұңайып, жылап тұр. Ертеңінде ана видео келіп тұр. Сонда баламның жаны тынышталмай жүргенін сездім. Ал біреулер оның атын пайдаланып, қор ашып, жанын қинап жатыр”, – дейді марқұмның анасы.

Диастың емі үшін отбасы бұған дейін расында да екі рет халықтан көмек сұрап, 70 мың доллар жинаған. Алайда 2024 жылы ресми түрде барлық жинау тоқтатылған. Соған қарамастан, жақында таныстары желіде оның атынан тағы ақша жиналып жатқанын көріп, отбасыға хабарлаған.

Осыдан кейін Диастың ата-анасы бірден құқық қорғау органдарына арыз түсірген. Асылбаеваның сөзінше, полиция алаяқтардың кім екенін анықтағанымен, әзірге ешкім ұсталмаған.

Алматы облысы полиция департаменті жағдайға қатысты қысқаша түсінік берді.

“Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайларын жан-жақты зерттеу мақсатында процессуалдық тексеру жүргізуде. Нәтижесіне сай заң аясында шешім қабылданады”, – деді департамент бөлім басшысы Ернар Сайділдин.

Сонымен қатар Оңласын Асылбаева ұлының өліміне дәрігерлердің қате диагнозы себеп болды деп есептейді. Оның айтуынша, Қазақстанда бірнеше рет дұрыс қойылмаған диагнозбен жасалған оталар баласының жағдайын одан әрі нашарлатқан. Ал шетелдік мамандар “тым кеш әкелдіңіздер” деп айтқан көрінеді. Соңғы жасалған отадан кейін Диас комаға түсіп, есін жимаған. Отбасы қазір алаяқтардың жазасыз қалмауын талап етеді.