Елордада жолдың қақ ортасында шағын автобус жанып кетті
419

Қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, бүгін сағат 10:40-де өрт сөндіру қызметіне Қабанбай батыр даңғылында ГАЗель жанып жатқаны туралы хабар түскен. Төтенше оқиға "Азия Парк" ойын-сауық және сауда орталығының дәл жанында болған. Оқиға орнына 12 өрт сөндіруші мен екі техника барған. Сағат 10:49-да тілсіз жау ауыздықталды.
Өрт сөндірушілер Volkswagen маркалы микроавтобустың жанғанын анықтады.
Видеодан көліктің толығымен жанып кеткенін байқауға болады. Полиция жолдың екі жағын жауып тастаған.
Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы "Тұлпар" сауда үйінен өрт шыққанын жазған едік.
"#3 шақырту дәрежесі белгіленіп, өрт сөндіру қызметі келіп жеткенде 4 қабатты сауда үйінің ең жоғарғы төртінші қабатында орналасқан сауда бутиктерінің өртеніп жатқаны анықталды. Өрт сөндіру жедел штабы құрылып, 2 жауынгерлік учаскеге бөлінді", - дейді ТЖД.
Өртті сөндіру үшін төтенше жағдайлар депатаментінің 19 бірлік техникасы және жеке құрамның 71 адамы жұмылдырылған. Зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ.