"Ата-анасы дәрігерге көрсетпеген": Түркістан облысында жасөспірім құтырма ауруынан көз жұмды

275

Түркістан облысында 14 жасар жасөспірім ит тістегеннен кейін бір жылдан соң көз жұмды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Санитариялық - эпидемиологиялық бақылау комитетінің Telegram каналына сілтеме жасап.


Болжам бойынша жасөспірім құтырма ауруынан қайтыс болған.


Ата-анасының айтуынша, өткен жылдың мамыр айында ұлының аяғын ит тістеп алған. Алайда ата-ана баланы дәрігерге көрсетпей, өз беттерінше үйде емдеген. Арада 1 жылға жуық уақыт өткен соң жасөспірімнің бойынан қорқыныш, үрей, дене температурасының жоғарылауы, сүйектер мен жарақат алған жердің ауыруы, су ішу кезінде ауаның жетіспеушілігі және жалпы әлсіздік сияқты симптомдар пайда бола бастаған.


Келесі күні олар тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгінген, дәрігерлер оған сүйек ауруына қарсы емдеу тағайындаған. Оған қарамастан баланың жағдайы нашарлай берген. Бала бел тұсындағы ауруларға шағымдана бастайды. Баласына ем-дом іздеген ата-ана жеке клиникаларға ғана емес, дәстүрлі емес медицина өкілдеріне де жүгінген.


Кейінірек жасөспірімнің бүйрегі қабынғаны анықталып, соған сәйкес ем алған. Бірақ баланың жағдайы оңалмаған. Балада ентігу, гидрофобия, аэрофобия пайда болған.

"Жағдайы күрт нашарлаған баланы 10 сәуірде жедел жәрдем көлігімен аудандық ауруханаға апарып, жұқпалы аурулар бөлімінде оған құтырма диагнозы қойылды. Сол күннен бастап барлық отбасы мүшелері медициналық бақылауға алынды. Алайда сегізінші сынып оқушысын аман алып қалу мүмкін болмады. Ол келесі күні – 11 сәуірде көз жұмды",-делінген хабарламада.


Адамдарда инфекцияның (құтырма) инкубациялық кезеңі 12-ден 100 күнге дейін, өте сирек 1 жылға дейін созылады. Сондықтан ит тістегеннен кейін елеусіз жарақаттың өзі бірден пайда болмауы мүмкін.


Жалпы, құтырма деген қандай ауру дегенге келетін болсақ, ол адамдар мен жануарларға ортақ жіті вирустық инфекциялық ауру. Оның емі жоқ, қаупі сонда. Егер уақытылы ем-шара қолданбаса әдетте ауру адам өледі. Құтырманың қоздырғышы адам миын зақымдайтын ауру жануардың сілекейінде болатын вирус.


Бұл аса қауіпті індет ауру жануар тістеген, теріні зақымдаған (жаралар, жарақаттар), сілекейлеген кезде, сондай-ақ сілекеймен ластанған заттарға жанасқанда жұғады. Вирус адамнан адамға берілмейді.
Үй жануарлары арасында әдетте ит пен мысық ауру көзі боп табылады.
Инкубация кезеңінің соңында көп жағдайда адамдар үшін аса қауіпті болатын да иттер.

Аурудың үш кезеңі туралы не білу керек ?


Бұл аурудың үш кезеңі бар: алғашқы белгілері пайда болатын сипаттамалық, қозу және параличтік.
Бірінші кезеңнің ұзақтығы 2-ден жеті күнге дейін созылады. Тістеу аймағындағы тыртық қызарып, жарақат орны адамды мазалай бастайды, адамда алаңдаушылық, үрей сезімі пайда болады, терең депрессияға түседі, ұйқысы бұзылады.


Екінші кезеңде адам судан, таза ауадан, дыбыстардан, жарықтан – қоршаған ортадан қорқа бастайды. Ашу-ыза кернеп, көп көлемде сілекей бөлінеді. Науқастың оны жұтуға шамасы жетпей, қиналады.

Үшінші кезең-паралитикалық, ауру ұстамалары тоқтаған кезде науқастың жағдайы жақсарғандай болады. Дегенмен жүрек сал ауруы немесе тыныс алудың тоқтап қалуынан кенеттен қайтыс болуы мүмкін.
Адамның ауруы асқына түседі. Бұл дерттің алдын алу үшін дер кезінде медициналық көмекке жүгіну аса маңызды.

Өйткені, ауруға жол бермеудің жолы бар және бұл құтыру ауруына қарсы вакцинация. Екпені жарақат алған сәттен бастап 24 сағаттан кешіктірмей алу керек!


Қайғылы жағдайға тап болмас үшін алдын алудың бұл әдісін әр азамат білуі тиіс.