Балабақшадағы жеңілдіктер тәртібі өзгерді: көпбалалы отбасыларға жаңа талап

1 550

Фото: Ru.freepik.comКөпбалалы отбасылар үшін мемлекеттік балабақшаларға балаларын тегін орналастыру жүйесі өзгертіледі. Енді мұндай жеңілдік тек атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын немесе мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға ғана сақталмақ,-деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі.

Алматылық көпбалалы ата-аналар жаңа талапқа наразы. Айтуларынша, қаңтар айынан бастап қаладағы 180-нен астам мемлекеттік бөбекжайда жеңілдік толық тоқтайды. АӘК-ке ілікпеген отбасылар әр бала үшін айына 25 мың теңгеден төлеуге міндеттеледі.

“Егер ақылы болса, 3 балаға 75–80 мың теңге төлеуім керек. Бұл – мен үшін үлкен ақша. Пәтерге 160 мың төлеймін, айлығым 230 мың. АСП алайын десем, табысым 1 мың теңгеге асып тұр. Соған бола енді ақша төлейсің дейді", – деп шағымданды көпбалалы ана Вазира Аманова.

Ата-аналар тегін балабақша олардың отбасылық бюджетіне айтарлықтай көмек болғанын айтады.

Алматы қалалық білім басқармасы бұл шешімнің әкімдік тарапынан емес, орталық үкіметтің жалпыға бірдей енгізген жаңа тәртібі екенін жеткізді.

“Бүкіл өңірлер жеңілдікті қыркүйек айында тоқтатқан. Біз болса, жыл соңына дейін созып бердік. 1 қаңтардан бастап төлемақыны төлеу керек болады. Егер АСП алмаса немесе табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне сай келмесе, төлемнен босатылмайды”, – деді Алматы қаласы білім басқармасының бөлім басшысы Әлия Сағиева.

Әкімдік жеңілдіктен қағылғандарға АӘК алушылар тізіміне өтініш қалдыруды немесе табысы төмен азамат ретінде Мансап орталығына жүгінуді ұсынды. Алайда ата-аналардың басым бөлігі бұл ұсыныстарды жеткіліксіз деп танып, билікке үндеу жолдап, шешімді қайта қарауды талап етті.