Блогер ұлының еміне деп бір жарым миллиард жинап шетелге саяхаттаған
Ұлының еміне деп, елден жылу жинап, сол қаржыға шетелде саяхаттады деп айыпталған ерлі-зайыпты блогерлер сот алдында жауап беріп жатыр, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі "КТК" арнасына сілтеме жасап.
Ерлі-зайыпты науқас баласының видеосын желіде жариялап, шамамен 1 жарым миллиард теңге жинаған. Бірақ соның 6 миллионын ғана баласының еміне жұмсаған, дейді мемлекеттік айыптаушы. Қалған ақшаға автокөлік, баспана сатып алып шетелге саяхаттаған деп айыпталып отыр. Блогер тағылған айыптармен келіспей, сот залында көз жасына ерік берді.
Сырқат баласының еміне деп төрт жыл бойы елден көмек жинап келген блогерлер бүгін осы әрекеті үшін сот алдында жауап беріп жатыр. Ерлі-зайыпты блогерлер әлеуметтік желіге әсерлі жазбалар жариялап, баласының отасына деп халықтан 50 миллион сұраған. Кейін шотқа миллиондар түскенде тоқтай алмаса керек. Сөйтіп бір жарым миллиардтай жылу жиналыпты. Ал блогерлер соның 6 миллионын ғана баласының еміне жұмсаған, дейді мемлекеттік айыптаушы.
Бренд киімдер мен қымбат көлікті былай қойғанда, күдікті ата-ана сырттан тамаққа тапсырыс берудің өзіне 8 миллионға жуық теңге жұмсады, деп айыпталып отыр. Қайырымдылыққа түскен қаржы блогер келіншекпен қоса, 2021 жылы өмірден өтіп кеткен анасының есеп-шотына да түсіп отырыпты. Блогер отағасы осыны мысалға келтіріп, кінәсін мойындаған жоқ.
Ал прокурор ерлі-зайыпты блогерлердің екеуін де 7 жылға бас бостандығынан айыруды және мүлікн тәркілеуді сұрады. Тек баланың кәмелетке толмағаны ескеріліп, анасының жазасы екі жылға шегерілуі мүмкін. Блогер келіншек мұны естігенде жылап жіберді.
Сот отырысы 8 қаңтарда жалғасады. Блогерлердің жазасы сол кезде белгілі болмақ.







