Қымызханада жарылыс болып, 18 жасар қыз қаза тапты
Жаңа жыл түні Түркістан облысының Кентау қаласында орналасқан қымызханалардың бірінде жарылыс болып, адам өлімі тіркелді. Қайғылы оқиға салдарынан сол жерде жұмыс істеген 18 жастағы Дана Сағынғалиқызы ауыр жарақат алып, көз жұмды, - деп хабарлайды "Opennews.kz" ақпарат агенттігі «Информбюро» бағдарламасына сілтеме жасап.
Марқұмның жақындары жаңа жыл түні оны жұмыс орнынан алып кетпек болған. Алайда мекеме басшылығы адам көп, жұмыс қарқынды жүріп жатыр деген себеппен кассада тұрған қызды жібермеген. Туыстарының айтуынша, жарылысқа дейін газдың иісі шығып тұрғаны бірнеше рет ескертілген.
Дана бұл жұмысқа небәрі бір ай бұрын ғана орналасқан, өзі екінші курс студенті болған. Қайғыдан қан жұтқан отбасы кінәлілердің қатаң жауапқа тартылуын талап етіп отыр.
Қазіргі таңда жарылыс болған қоғамдық тамақтану орнының аумағы толықтай қоршалып, ғимараттың зақымданған бөлігі жабылған. Дегенмен жоғары қабаттардағы сынған терезелер оқиғаның ауқымын аңғартады. Жарылыс кезінде күйік шалған тағы төрт адам ауруханаға жеткізілген, олардың екеуінің жағдайы ауыр.
Кентау қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Әбенұлының айтуынша, жарылыс газ баллонының қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан болған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаға байланысты облыс әкімінің тапсырмасымен жедел штаб құрылып, жағдай толық зерделеніп жатыр. Жергілікті билік зақым келген тұрғын үйлерді қалпына келтіруге уәде берді.







