Қазақстан үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады
Жаңа Конституция күшіне енген соң Қазақстан үкіметі жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Депутаттар Президент туралы конституциялық заң жобасын қарап, оны бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта вице-президенттің өкілеттіктері де бекітілген. Сенатор Бекболат Орынбеков жаңа Конституцияға сәйкес үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатуға тиіс екенін айтты. Ол “дәл осындай норма вице-президентке де қолданыла ма” деген сұрақ қойды.
“Конституцияға сәйкес үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өкілеттігін тоқтатады. Сонымен қатар заң жобасының 20-бабының 1-тармағына сәйкес, президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар басшыларының өкілеттігі жаңадан сайланған президент қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады. Алайда олар жаңа басшылар тағайындалғанға дейін міндетін атқара береді. Осындай тәртіп елорда мен облыс әкімдеріне де қарастырылған. Осыған байланысты бұл механизмді вице-президент қызметіне де қолдануға бола ма?”,- деп сұрады сенатор.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев вице-президенттің жеке мемлекеттік органды басқармайтынын айтқан.
“Вице-президент институтын енгізу мемлекеттік жүйенің тұрақты әрі жүйелі жұмысын қамтамасыз етеді. Вице-президент жеке мемлекеттік органды басқармайды, тек президенттің атынан өкілдік етеді. Сондықтан жаңадан сайланған президент алдында оның өкілетін тоқтатуды қажет деп санамаймыз”,- деді министр.







