6 жасар оқушы мұғалімді тістеп алған
Павлодарда алты жасар қыз мұғалімді тістеп алып, маман жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Жағдай Павлодар қаласындағы мектептердің бірінде болған. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистентті алты жастағы бала тістеп алған. Сосын маман жедел жәрдем мен полиция шақырған. Жағдайды Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева желідегі парақшасында мәлімдеді.
Бірінші сынып оқушысының анасы Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-бабы бойынша (кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу және (немесе) оқыту, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау міндеттерін орындамау) әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК (2025 жыл 78 640 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелген.
Қыз баланың анасы Надежданың айтуынша, бұл әрекеттер қызын үйден оқытуға мәжбүрлеу үшін жасалып жатыр.
Надежданың айтуынша, мектеп әкімшілігі баласының сабақ кезінде сынып ішінде жүгіретініне, оқудан бас тартатынына, тіпті партаның астына жатып алатынына жиі шағымданған.
Сәуле Шәкеневаның айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін педагог-ассистент мұндай мінез-құлық баланың диагнозына байланысты болуы мүмкін екенін ескеруі тиіс. Мұндай жағдайда педагогтың басты міндеті баланың күрделі мінез-құлқын реттеп, оған дұрыс тәсіл табу.
Өңірлік бала құқықтары жөніндегі уәкіл бұл жағдайды бақылауда ұстайтынын және оқиға болған №11 орта мектепке өзі барып, мән-жайды жан-жақты зерделейтінін жеткізген.







