85 жастағы зейнеткер ең қиын математикалық есептерді шешіп жүр
85 жастағы Қарағанды тұрғыны Ермекбай Жолдыбеков ең күрделі математикалық есептерді оңай шешкен. Мұндай есептерді кейде тіпті академиялық ортадағы адамдардың өзі шеше бермейді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Арнайы білімі болмаса да, ол жастайынан натурал сандарды қосудың ерекше әдісін жасап, өз формулаларын шығарған. Ермекбай Жолдыбеков бала кезінен-ақ математикаға ерекше қабілет танытқан. Ауыл шаруашылығы институтында оқып жүргенде ол ең қиын есептердің өзін оңай шығарып, ғалымдардың мойындауына ие болған. Үшінші курста оқуын тоқтатса да, математиканы өз бетінше зерттеуді жалғастырған. Тіпті ауыл шаруашылығында жұмыс істеп жүргенде де табиғи құбылыстарды зерттеп, математикалық есептерді, мысалдар мен теңдеулерді шешудің өз әдістері мен тәсілдерін ойлап тапқан.
Әуесқой математик натурал сандарды қосудың ерекше әдісін жасап, бұрышты үшке бөлу туралы ғылыми мақала дайындаған. Ол өз зерттеулерін Халықаралық математиктер қауымдастығының форумында таныстырып, нәтижелерін Ресейдің “Квант” журналында жариялаған.
Ермекбай Жолдыбеков өз бетімен математикалық жұмбақтар құрастырып, оларды газеттерде жариялаған. Сондай-ақ қазақ ертегілерінің желісі бойынша есептер ойлап тапқан. Бұдан бөлек, ақсақал ғарыш пен Жердің құрылысына да қызығады. Ол көрнекі құралдарды өз қолымен жасаған. Оның бір құрылғысы Жердің тартылыс күшін көрсеткен.
“Осы макеттің көмегімен мен Жердің тартылыс күшін дәлелдедім. Құрылғының әр миллиметрін өзім есептедім. Кейін бұл жұмысымды Қарағанды университетінде көрсеттім, онда оған жоғары баға берілді”, – дейді Ермекбай Жолдыбеков.
Зейнеткер мектеп оқушыларымен жиі кездесіп, оларды “ғылымдар патшайымы” саналатын математикаға қызықтыруға тырысады. Оның сөзінше, математикасыз айналамыздағы әлемді түсіну және анық әрі логикалық ойлауды үйрену қиын.







