"Көштен қалып қойғандаймыз": Алматыда билік сұрықсыз үйді биік дуалмен "жасырып" қойған
467
Алматының Түрксіб ауданындағы апатты үйдің тұрғындары өз қауіпсіздіктері үшін үрейленеді. “Өткен ғасырдың басында салынған үйді шенеуніктер бұзғысы келмейді” деп шағымданады тұрғындар. Оның орнына билік екі қабатты ғимаратты биік дуалмен қоршап қойған. Шамасы, әдемі мегаполистің шырайын бұзбасын дегені болар. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі Astana арнасына сілтеп хабарлайды.
Апатты үйдің тұрғыны Гузель Жамалдинова үй қабырғаларының жарықтарын терең күрсініспен көрсетеді. Әйел пәтердегі тесіктерді үнемі "жамап" отыруға мәжбүр, ал үй болса оның көз алдында қирап барады. Әр жолы жөндеуге шамамен жүз мың теңге шамасында жұмсалады. Әр жөндеу жұмыстарына мұндай ақша жұмсау, қалтаға салмақ салатынын жеткізді зейнеткер."Дуалдағы жарықтар жаңбыр суынан кейін болған. Жөндеуден шаршадық. Бір жерін әдемілесең, екінші жерінің жыртығы көрініп тұрады. Қазір оның үстіне барлығы қымбат. Оған қосымша жөндеу үшін біреуді жалдайсың, оған беретін ақшаң бар", – дейді Алматы тұрғыны Гузель Жамалдинова.
Тұрғындардың көптеген шағымына биліктің жауап бермеске амалы қалмаған. Бірақ халықтың күткеніндей жауап болмай шықты. Шенеуніктер сұрықсыз үйді биік дуалмен қоршап, жасырып қоюды ұйғарған. Бұл аумақты жақсы білмейтін адамдар осы биік қоршаудың арғы жағында тұрғындары бар апатты үйдің барын сезбейтін де болуы ықтимал.
Үйдегі өркениеттің жалғыз көрінісі – жарық. Тұрғындар қыста жылыну үшін өз бастарын қатерге тігіп, "буржуйка" пештерін жағуға мәжбүр.
"Баллондағы газдарды қолданамыз. Кейде олар жарылып жатады. Мысалы үшін, 2 апта бұрын бір үй осы себептен өртеніп кетті. Біз осы жағдайдан бөлек енді баспанамыздан айырылып қалғанды қаламаймыз", – дейді Алматы қаласының тұрғыны Анастасия Кондратьева.
Түрксіб ауданының әкімдігі жападан жалғыз тұрған екі қабатты үйді назардан тыс қалдырмағанына сендірді. Олар адамдарды көшіруге уәде берді, бірақ дәл уақытын айтпады. Ал үйді айтуынша, үйсіз адамдардан қорғау үшін биік дуалмен қоршаған.
"Бұған дейін нақты тұрғылықты орны жоқ адамдар осы жерде көптеп жиналған. Біз бұл келеңсіздіктерден тазарттық. Енді тұрғындар бұл жерде тек өздері ғана бола алады. Және оларды ешкім ұмыт қалдырған жоқ. Олар біздің тізімнің ішінде тұр", – дейді Алматы Түрксіб ауданы әкімдігінің Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос Бекетаев.
Алайда тұрғындар әкімдіктің берген уәдесіне сенбейді. Олар сүрілетін уақытқа дейін ғасырлық тарихы бар үйдің шыдам тұрмауы мүмкін деп қорқады.