Алматыда жерасты жаяу жүргіншілер өткелін су басып қалды

408
Алматыда жаяу жүргіншілер өткелін су басып жатыр. Алмалы ауданы әкімдігінің өкілдері жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алматы тұрғындары Абылай хан мен Гоголь көшелерінің қиылысындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелінде төбеден су ағып жатқанына шағымданды. Видеодан жаяу жүргіншілер өткелінде су жаңбырша жауып тұрғанын көруге болады.

Алмалы ауданы әкімдігі мәліметінше, 2018 жылы осы жерасты өткеліне жөндеу жүргізу барысында төбеге гидрооқшаулағыш орнатылмаған.

"Бүгінде бұл жерасты өткелінде проблема бар. Абылай хан көшесінің арық желісі арқылы су жібергенде, өткелдің шығыс жағына су кетеді. Бұл - су көп болған жағдайда. Өкінішке қарай, судың қайдан ағып жатқанын түсіну қиын. Жол төсемін ашуға тура келеді", - деді Алмалы ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімі өкілі.

Әкімдік видеоға жаяу жүргіншілер өткелін тазартумен айналысатын коммуналдық шаруашылық қызметкері түсірілгенін де нақтылады. Түнгі уақытта өткел жағдайын және санитарлық қондырғыларды бақылайтын бірнеше қызметкер кезекшілікте қалады.