Денсаулық сақтау министрлігі тегін дәрі-дәрмекттің заңсыз сатылғанын анықтады

1 509

Фото:© Baq.kz архиві/ЖИМедициналық ұйымдар арқылы пациенттерге берілген дәрілер кей жағдайларда дәріхана желілеріне түсіп, заңсыз сатылған,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Baq.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі азаматтарға тегін берілуге тиіс дәрі-дәрмектердің айналымында бірқатар заңбұзушылықтарды анықталған. Медициналық ұйымдар арқылы пациенттерге берілген дәрілердің бір бөлігі дәріхана желілеріне түсіп, кейін заңсыз сатылған жағдайлар тіркелген. Осыған байланысты бақылау шаралары күшейтіліп, 74 нысанда жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша 31 медициналық ұйым әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 12,3 млн теңге айыппұл салынды. Сонымен қатар 43 нысанға анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілген.

Министрліктің хабарлауынша, «Таңбаланған тауарлардың электрондық құжат айналымы орталығы» аналитикалық платформасы арқылы дәрілік заттардың қозғалысы талданған. Мониторинг барысында дәрілерді таңбалау кодтарын пайдалану кезінде бірқатар жүйелік сәйкессіздіктер анықталған. Дәрілерді айналымнан қайта шығару бойынша 35 537 жағдай, бір кодты әртүрлі қатысушылардың бірнеше рет қолдануының 480 752 фактісі тіркелген. 1 140 нысан бойынша 15 614 кодтың қайтадан айналымға шығарылғаны анықталған. Анықталған деректер бойынша материалдар Қаржылық мониторинг агенттігіне және ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне жолданды. Қазіргі уақытта тиісті тексеру және талдау жұмыстары жалғасуда.