Әзіл, қалжыңның арты жазаға әкеп соғуы мүмкін
Ішкі істер министрлігі терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлама үшін жауапкершілік барын еске салды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Massaget.kz сайтына сілтеме жасап. (ВИДЕО)
Мұндай әрекеттер үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес жауапкершілік көзделген. Ведомствоның мәліметінше, жарылғыш зат қойылғаны немесе өзге де қауіптер туралы көрінеу жалған ақпаратты байланыс құралдары, интернет ресурстары, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы таратқан деректер тіркелген. Әзіл немесе қалжың ретінде жасалған жағдайда да қылмыстық құқықбұзушылық ретінде бағаланады. Терроризм актісі туралы жалған хабарлама тарату қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндіріп, адамдарды жаппай эвакуациялауға, мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының және басқа да әлеуметтік нысандардың жұмысының уақытша тоқтауына әкеледі. Аталған қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Полиция азаматтарды:
- тексерілмеген ақпаратты таратпауға;
- жалған хабарламалар мен негізсіз шақырулар жасамауға;
- балаларға терроризм актісі туралы жалған хабарлама таратқаны үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіруге;
- осындай хабарлама алған жағдайда дереу полицияға хабарлауға шақырды.







