Базардағы тексерістен соң 80-нен астам кәсіпкерлердің қызметі тоқтады
Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев Қарағанды қаласына жұмыс сапары барысында көтерме және әмбебап базарларды аралап, бизнес өкілдерімен, базар иелерімен кездесу өткізді,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Kazinform.kz сайтына сілтеме жасап.
Зерделеу барысында Қарағанды облысында - 41, Ұлытау облысында - 44 өнімсіз делдал анықталып, олар сауда тізбегінен шығарылған. Ведомство мәліметінше, базарларда барлық келісімшарттар мен төлемдер арнайы ақпараттық жүйе арқылы жүргізілуі міндеттеліп отыр. Бұл делдалдық схемаларды азайтып, саудадағы ашықтықты арттыруға бағытталған.
«Мемлекеттік кірістер, ішкі істер, монополияға қарсы орган және сауда департаменті сауда тізбегін ретке келтіруі тиіс. Өңірлерді аралау барысында жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей сауда жасап отырғандар бар екенін көрдік. Делдалдық схемалар ашық жүріп жатыр, соған көз жұма қарауға болмайды», деді Ернұр Жәутікбаев.
Сапар барысында комитет төрағасы Қарағандыдағы «Горняк» базарының жаңғырту жұмыстарымен танысты. Жоба аясында 500 млн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетіліп, 4200 шаршы метрлік жабық базар салынуда. Жоба іске қосылғанда 50-80 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жалпы өңірде мемлекеттік қолдау аясында 1,7 млрд теңгеге 9 жоба мақұлданған. Республика бойынша сауда саласына бөлінген қолдау көлемі 3,2 млрд теңгеге жетіп, 458 жоба субсидияланған.







