Әскери қызметкерлерге біржолғы төлемдер тағайындалды
Енді Қазақстанда жақын туысы қайтыс болған әскерилер 425 мың, үйленіп, балалы болғандарға 255 мың теңге көмек алатын болады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Azattyq-ruhy.kz сайтына сілтеме жасап.
Қорғаныс министрлігі Қарулы күштердің әскери қызметшілеріне ақшалай үлес, жәрдемақы және өзге де төлемдерді төлеу қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті бұйрық 21-ші сәуірден бастап күшіне енген. Қорғаныс министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, бюджеттен үнемдеген қаржының есебінен енді әскери қызметшілерге төленетін материалдық көмек едеәуір көбейген. Кез келген төлемнің ең төменгі көрсеткіші – елдегі ең төменгі жалақыға тең болады.
«Жақын туысы, жұбайы немесе қайын жұртынан жақын туысы қайтыс болғанда төленетін әлеуметтік көмек ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшері - 425 мың теңгеге жетуі мүмкін. Некесін қидырған, баласы туған, бала асырап алған, болмаса мүлкіне залал келіп, еміне қажет болса, оған 255 мың теңге әлеуметтік төлем беріледі», - деп хабарлайды Қорғаныс министрлігі.







