"Терезе ашылмайды": Атырау облысында тынысы тарылған оқушылар сабақты далада оқып жүр

484
Атырау облысына қарасты Құлсары қаласында оқушылар кабинеттерде терезе ашылмайтындықтан, сабақты далада оқып жүр. "Ауа жоқ сыныптарда ауру жамадық" деген ата-аналар шу көтерді. Олар мектеп басшылығына сан мәрте санитиралық талаптарды оңалтуды сұрап барғанын, алайда еш нәтиже болмағанын айтуда деп хабарлайды "Астана" арнасы.  

Құлсарылық Гүлнәз Бағытжанова бастауышта оқитын ұлының осы мектепте ауру жамағанын айтады. Сабақ басталғалы ұлы сыныптың ыстық әрі ауасы тар екенін сан мәрте үйге айтып келіпті.

"Мектептің іші ыстық, ауа жоқ. Кеше сабақты бір күн далада, бір күн қайтып іште оқыды. Бүгін келіп тұрған себебім, балам ауырып жатыр. Қалшылдап. Үйге келгенде майкасын шешіп аламыз, сығып алатындай", - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Гүлнәз Бағытжанова.

Оқу жылы басталғанына аптадан енді асты. Бірақ ата-аналар балаларын мектептен шығарып алып жатыр. Бұрын бір мыңнан астам оқушы қабылдаған білім ұясында, қазір 700-ге жетпейтін бала бар. Ақ жағалылардан көмек болмаған соң, ата-аналар сыныптарға желдеткіш сатып алып берген.

"Баяғыда желдеткішке ақша жинадық. Желдеткішті орнату мүмкін болмады, қабырғасы оны орантуға келмейтін секілді. Вентилятор да алдық. "Майка кигізбей-ақ қой, ыстық, ішінде жүрегім қысылады, жүрегім айниды" дейді. Мұғалімдер де, ата-аналар да талай әкімдікке барды. Ешқандай өзгеріс жоқ", - дейді Құлсары қаласының тұрғыны Сәуле Аманкелдиева.

Мұғалімдер де тығырыққа тірелгенін айтып отыр. Олар ыстық бөлмелерде оқу процесін жүргізуде қиындықтарға тап болғандарын мойындайды. Оқушылар жабық сынып бөлмелерінде есінеп, ұйқыға кететінін айтады. Сондықтан ауызша пәндерді далада өткізуге көшкен.

"Ауызша пән жаратылыстану, дүниетану, әдебиеттік оқу пәндерінде мен далаға шығарып оқытып отырмын, көлеңкеге. Өйткені, балалар ұйықтап кетіп жатыр. Балалардың қиналып отырғанын көріп отырмын. Бәрібір менің айтқан білімімді, айтқан ақпаратымды балалар қабылдамайды", - дейді Құлсары қаласы №7 Е.Халықов атындағы мектептің мұғалімі Жанаргүл Шарғабаева.

Білім ордасы 2003 жылы пайдалануға берілген. Құрылысы басқа мектептерден өзгеше. Ғимараттағы 50 кабиенттің 10-ында ғана терезе бар. Қалғандарының жарығы төбеден түседі. Ескірген терезелер мүлде ашылмайтын болған. Мектептегі желдету жүйесі алғашқы күннен бері істемейді дейді директор.

"Желдеткіштерді құру, қондыру, қайтадан орналастыру туралы сметалық-жобалық құжаттама жасалып, күні ертең мемеклеттік веб-порталға беріледі. Қазақстан Республикасы заңнамасы негізінде мемлекеттік сатып алу арқылы кім жеңімпаз болады, сол адам желдеткіш жұмыстарын қосуды бастайды", - дейді Атырау облысы Жылыой аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлжансара Таңатарова.