Артық салмақтан арылмақ болған депутат қайтыс болды

1 549

Фото: жақындарының архивіМаңғыстау облыстық мәслихат депутаты Ербол Айтуов Ақтаудағы “Қасиет” медициналық клиникасында жасалған ментопластикадан кейін көз жұмған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі  Stan.kz  порталына сілтеме жасап.

Депутат иегінің астындағы артық майды липосакция әдісімен алдырғысы келген. Өз аяғымен барған ер адам операция кезінде қан қысымы мен қант мөлшері көтеріліп, инсульт алған. Салдарынан 1 ай комада жатып, сол күйі оянбаған. Жұбайы клиника талапқа сай жұмыс істемегенін алға тартып, күйеуінің өліміне кінәлілердің жауапқа тартылуын талап етеді.

Маңғыстау облыстық мәслихат депутаты, KazPetroDrilling компаниясының Маңғыстау облысы бойынша вице-президенті Ербол Айтуов иек астындағы артық майды алдыру үшін “Қасиет” жекеменшік клиникасына жүгінген екен. Талдау анализін тапсырғаннан кейін 4 сәуірде операция жасатқан. 

Кейін талдау анализдері толық болмағаны белгілі болған. Тіпті Ербол Айтуовтың қанындағы қант мөлшері 11 ммоль/л болған, яғни нормадан жоғары болыпты. Ал мұндайда операция жасау оңтайлы шешім емес екен. Қалыптысы 8-10.

Жұбайы Лаура Айтуованың айтуынша, 9:40-та наркоз салынған. Алайда анестезиолог интубация әдісін дұрыс жасамай, тамағына зақым келтіріп алды дейді. Яғни тыныс алу аппаратына қосу үшін арнайы түтікті сала алмаған. Соның кесірінен 49 жастағы ер адамның қан қысымы 225, ал қант мөлшері 25-ке дейін көтеріліп кеткенін айтады. Ауа бармағаннан ишемиялық инсульт алып, 2-дәрежелі комаға түсті.

“13:40 шамасында ота жасайтын хирург Артур Тажиев хабарласып, қан қысымы көтерілгенін ғана айтты. Жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға жеткізу керек деді. Оның комаға түскенін ескертпеді. “Әзірге үйде бола бер, бірдеңе болса, ескертемін” деп айтты. Сонда 9:40-та комаға түссе, неге 13:40-қа дейін күткен? 4 сағат бойы алғашқы көмек көрсетілмеген, наркоздан шығаратын дәріні салмаған, оттегі аппаратына қоспаған, ешқандай шара қолданбапты. Ал хирург “қан қысымы көтеріліп кеткен екен” деп кетіп қалды. Былайша айтқанда, олар өз қолдарымен өлтіріп тұр”, – деді марқұмның әйелі.

16:50 шамасында аурухана дәрігері Айтуованы шақырып, қағазға қол қоюы керек екенін айтады. Сол кезде ол күйеуінің қызыл аймақта екенін біледі.

“Реанимацияға біраз уақыт жатты. Қан қысымы біресе түсіп, біресе көтеріліп тұрды. Соңғы барғанымда қан қысымы 40-қа дейін түсті. Бірақ дәрігерлер “қазір көтереміз, уайымдамаңыз” деді. 5 мамырда полициядан қоңырау шалып, күйеуім қайтыс болғанын айтты. Қан қысымын көтермегенін түсіндім”, – деді әйел.

Айтуынша, ешкім оған не болғанын түсіндірмеген. Тіпті денесін мәйітханаға сараптамаға бермеген. Облыстық ауруханаға денені Лаура Айтуоваға айтпай, Шымкентке жіберткен. Себебі Ербол Айтуов Шымкенттің тумасы екен.

Енді Лаура Айтуова марқұм күйеуінің өліміне кінәлілердің жауапқа тартылғанын қалайды. Себебі клиниканың немқұрайлығынан осындай жағдай болып отыр дейді.

“Клиникадан бірнеше заңбұзушылықтар анықталған”

Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті жағдайға қатысты түсініктеме беріп, “Қасиет” клиникасына қатысты тексеріс жүргізілгенін мәлімдеді. Департамент клиниканың расымен көп талаптарға сай келмейтінін және заңбұзушылықтар байқалғанын жазды.

“Орталықтың хирургиялық ота бөлімі талапқа сәйкес медициналық құрылғылармен толыққанды жабдықталмағаны, ота залындағы медициналық құрылғылардың техникалық мерзімі өтіп кеткені, “анафилактикалық шокқа қарсы” арнайы аспаптардың жоқ екені анықталды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ ота бөлімінде жедел көмек көрсету талапқа сай келмейді екен. Одан бөлек орталықтың ересектерге стационарлы медициналық көмек – анестезиология және реаниматология бөлімі бойынша лицензияға қосымшасы жоқ екен.

Комитет науқасты операцияға дейін толық тексермегенін де алға тартқан.

“Науқастың зертханалық талдауының толық болмай, талдаудағы нәтижесі ескерілмей, метаболикалық бұзылыстарын түзетпей, медициналық қарсы көрсетілім болса да, отаға жіберген. Сәтсіз интубация салдарынан анестезия кезінде артериялық қысымның көтерілуі мен ми гипоксиясының басты себебі болуы мүмкін”, – делінген жауапта.

Содан кейін Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 464-бабы бойынша “Лицензиялау нормаларын немесе рұқсат беру рәсімдерін бұзу” бойынша хаттама толтырылған. 

Департамент тексерістің қорытындысы бойынша іс прокуратураға жолданатынын мәлімдеген.