Аттан құлаған азаматқа 12 млн теңге өтемақы тағайындалды
Ақтөбеде атпен серуендеу қызметі кезінде болған жазатайым оқиға сот арқылы қаралып, ауыр салдармен аяқталған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Істі қарау барысында талап қоюшы А.-ға атпен серуендеу қызметі көрсетілген сәтте жауапкер О. тарапынан техникалық қауіпсіздік шаралары толық сақталмағаны анықталған. Соның салдарынан талап қоюшы аттан құлап, ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Кейін бірнеше күрделі ота жасалып, медициналық қорытынды бойынша азаматқа II топтағы мүгедектік тағайындалған.
Сот материалдарында бұл жағдайдың тікелей себеп-салдар байланысы дәлелденіп, келтірілген зиян үшін жауапкердің кінәсі толық расталған. Сараптама қорытындылары да талап қоюшының денсаулығына келген зиянның ауырлығын нақтылаған.
Сот шешімімен жауапкер О.-дан талап қоюшы А.-ның пайдасына 2 270 098 теңге материалдық шығын және 10 000 000 теңге моральдық залал өндіріп алу туралы шешім шығарылған.
Ақтөбе қаласының №3 сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл шешім заңды күшіне еніп, өндіріп алу шаралары жүргізілуде.
Бұл оқиға қызмет көрсету барысында қауіпсіздік талаптарының сақталмауы адам өмірі мен денсаулығына ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін тағы бір мәрте көрсетті.







