Ер адам жүргізуші куәлігін ауыстырар кезде өзінің «жынды» екенін білген
Абай облысында ер адам жүргізуші куәлігін мемлекеттік қызметтер порталы арқылы ауыстырмақ болғанында өзінің психиатриялық есепте тұрғанын білген,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Осы себепті ол ауруханаға және облыстың денсаулық сақтау басқармасына психиатриялық есепке қоюды заңсыз деп тану туралы сотқа шағым түсірген әрі бұл мәліметті психикалық науқастардың ұлттық тізілімінен алып тастауды талап еткен.
Жоғарғы соттың хабарлауынша, медициналық мекеменің комиссиясы талап қоюшыны есепке қою туралы мәліметтер қате,тиісті медициналық куәландырусыз және диспансерлік бақылау тәртібін бұза отырып енгізілді деген қорытындыға келген. Алайда жауапты орган медициналық мекеменің бұл мәліметтерді ақпараттық жүйеден алып тастау туралы өтінішін қараусыз қалдырған. Медициналық мекеме өкілінің айтуынша, талапқоюшының амбулаториялық картасы жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты жойылған, бірақ жойылғанын растайтын актісі ұсынылмаған.
Сол сияқты жауапкерлер бірқатар дәлелдемелер ұсынбағаны анықталды: талап қоюшының психиатриялық көмекке жүгінуі; тиісті медициналық куәландыруды жүргізу; клиникалық бақылаулардың болуы; талап қоюшының не оның заңды өкілдерінің медициналық көмек көрсетуге келісімі.







