Әкімнің орынбасары полицияға бағынбағаны үшін айыппұл салынды

1 514

Фото:© АқЖайықАқтөбе облысында аудан әкімінің бұрынғы орынбасары мен оның жүргізушісі полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбағаны үшін айыппұл төледі,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап 

Жол-патрульдік полиция қызметкерлері қызметтік Kia Sportage көлігін тоқтатқан. Көлік ішінде Қарғалы ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Бадаков болған. Полиция қызметкерінің жетон камерасына шенеуніктің инспекторлармен сөйлескен сәті жазылып қалған.

“Мені тоқтатқандарың – қателік, жігіттер!” – деген мемлекеттік қызметші.

Сондай-ақ ол инспекторлардың біріне кейін “өзі шешетінін” айтқан.  Алдымен қызметтік Kia Sportage көлігінің жүргізушісі жауапқа тартылған. Сол түні полицейлер оны бірден тоқтата алмаған. Акимат қызметкері кінәсін жоққа шығармаған. Сот оны полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамағаны үшін 173 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеді. Ал Бекзат Бадаков өз ісі қаралған кезде жұмыссыз болған. Ол сотта кінәсін мойындамаған. Оның айтуынша, сол түні қызметтік қажеттілікке байланысты Ащылысай ауылынан қайтып келе жатқан. Бадаков полиция тоқтатқан кезде ешқандай қарсылық көрсетпегенін, заңды талапқа бағынбағанын, былапыт сөз айтпағанын және ешкімге қоқан-лоқы жасамағанын мәлімдеген. Сот бейнежазбаны мұқият зерттеп, бұрынғы шенеунікті полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін кінәлі деп тапты. Нәтижесінде Бекзат Бадаковқа 129,7 мың теңге айыппұл салынған.

Бұл іс бойынша Бадаковтың бұрынғы басшысы – Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Үнербаевқа да жеке қаулы шығарылған. Онда Бадаковтың әкім орынбасары бола тұра қызметтік көлікті жұмыстан тыс уақытта жеке мақсатта пайдаланғаны және сол көлікпен құқықбұзушылық жасағаны көрсетілген. Сондай-ақ жүргізушінің мемлекеттік көлікті бақылаусыз пайдаланғаны да айтылған. Сот мұның бәрі “Мемлекеттік мүлік туралы” және “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” заң талаптарына, сондай-ақ мемлекеттік мүлікті ұтымды әрі мақсатты пайдалану қағидаларына қайшы келетінін атап өтті. Енді аудан әкімі Нұрлыбек Үнербаев тиісті шара қабылдауы керек. Осы арада әлеуметтік желіде бір топ қарғалылық тұрғын бұрынғы шенеунікті қызметіне қайтаруды сұраған.

“Бадаковтың қызметтен кетуі ауданның дамуына кедергі келтіреді”, – деп жазған олар.

Бірнеше күннен кейін Қарғалы ауданы әкімінің жаңа орынбасары болып Рамазан Ногуманов тағайындалған.