Әскери борышын өтегендер ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орнына түсе алады

1 507

Фото:© Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіҚазақстанда мерзімді әскери қызметін өтеген азаматтар жоғары оқу орындарына түсу кезінде бірқатар білім беру жеңілдіктерін пайдалана алады,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Almaty.tv сайтына сілтеме жасап.

Енді олар арнайы тестілеуден өтіп, Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) тапсырмай-ақ университеттерге оқуға түсу мүмкіндігіне ие. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Қорғаныс министрінің цифрландыру жөніндегі орынбасары Дархан Ахмедиев мәлімдеді. Аталған мүмкіндік әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға арналған Sarbaz 2.0 ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылып отыр. Жүйе әскери борышын өтеген жастардың білім алуына қолайлы жағдай жасап, конкурстық іріктеуге онлайн форматта қатысуға мүмкіндік береді.

«Sarbaz 2.0» ақпараттық жүйесі мерзімді әскери қызметшілердің білім беру саласындағы жеңілдіктерді пайдалануын жеңілдетеді. Қызметін аяқтаған азаматтар белгіленген талаптарға сәйкес арнайы тестілеуден өтіп, ҰБТ тапсырмай-ақ жоғары оқу орындарына түсе алады. Сонымен қатар олар білім гранттарына арналған конкурстық іріктеуге онлайн қатысады, – деді Дархан Ахмедиев.

Жүйеде мемлекеттік білім гранттарын бөлу үдерісі толықтай автоматтандырылған. Үміткерлер әскери қызмет барысында көрсеткен нәтижелері, жауынгерлік даярлық деңгейі, тәртіп көрсеткіштері мен жетістіктері негізінде бағаланады. Жоғары нәтиже көрсеткен әскери қызметшілерге мемлекет есебінен тегін білім алу мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек, олар студенттік жатақханамен қамтамасыз етіледі. Ақпараттық жүйенің тағы бір артықшылығы – әскери қызметшілердің бірыңғай цифрлық дерекқорын қалыптастыру. Платформа әрбір азаматтың әскери қызмет кезеңіндегі жетістіктерін тіркеп, жеке цифрлық профилін жасауға мүмкіндік береді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Іске қосылған Sarbaz 2.0 жүйесінде бүгінгі таңда 180 мыңнан астам әскери қызметші тіркелген. Бұл платформа әскери қызметтің тартымдылығын арттырып қана қоймай, жастардың білім алуына және кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашып отыр.