Су айдыны үш жасөспірімнің өмірін жалмады
Батыс Қазақстан облысында шомылуға тыйым салынған аумаққа шомылуға барған үш жасөспірім суға батып қаза тапты, - деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, 2008 және 2009 жылы туған үш жасөспірім арнайы жабдықталмаған жерде суға батып кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар жеткенге дейін жергілікті тұрғындар жасөспірімдердің мәйіттерін судан шығарып алған.
Өкінішке қарай, жаз мезгілі басталғалы бері елімізде балалардың суға кету фактілері жиілеп отыр. Соңғы бір айдың өзінде Түркістан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Қызылорда облыстарында осындай қайғылы оқиғалар тіркелді. Осыған байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды, әсіресе ата-аналарды, су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға және балаларды қараусыз қалдырмауға шақырады.







