3 жастағы қызын өлтірген ер адам өмір бойына сотталды
Павлодарда өз үш жасар қызын азаптап, өлтірді деп айыпталған 26 жастағы ер адамға қатысты сот үкімі шыққан,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Сот оны өмір бойына бас бостандығынан айырған.
Қайғылы жағдай 2025 жылы қыркүйекте Павлодар облысының Осмерыжск ауылында болған. Ер адам жарымен және екі кішкентай баласымен тұрған. Бір күні ол үйге ішімдік ішіп келіп, 3 жастағы қызын сабап, көршінің моншасына өзімен бірге алып кеткен.
Тергеу нұсқасына сәйкес, моншаның киім ауыстыратын бөлмесінде әкесі қызын көтеріп алып, бетон еденге бар күшімен лақтырып жіберген. Ол есінен танып қалған қызын ауруханаға өзі жеткізген. Алайда дәрігерлер қызды аман алып қала алмаған.
Сотта қыздың анасы баланың некеде дүниеге келгенін және бастапқыда бәрі жақсы болғанын айтқан. Алайда ұлы дүниеге келген соң күйеуі іше бастаған. Қызына да қарым-қатынасы өзгерген. Ол 3 жастағы қызының өзіне туған емес екенін айтқан.
Сот анықтағандай, дәл осы себеппен ер адам қызын жүйелі түрде ұрып-соғып келген.
Сот-медициналық сарапшылар баланың денесінен әртүрлі уақытта салынған 36 дене жарақатты анықтаған. Сондай-ақ олар сотталушының "бала кір жуғыш машинаның үстінен құлап жарақат алды" деген уәжін жоққа шығарған.
Павлодар облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Нұрлан Айтбаев хабарлағандай, сот талқылауы барысында сотталушы мен оның жұбайының ұялы телефондарынан табылған қыз баланың беті мен аяғындағы соққы іздері көрінетін фотосуреттер зерттелген. Бұл материалдар іс бойынша дәлелдердің бірі ретінде қаралған.
Сотталушы азаптау айыбы бойынша кінәсін ішінара мойындағанымен, қызын қасақана өлтіргенін жоққа шығарған. Оның айтуынша, қызын абайсызда өлтіріп алған.
Алайда сот бұл уәждерді негізсіз деп тапқан. Жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағаны, сондай-ақ тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан берілген оң мінездемелер ескерілген. Ал қылмыстарды алкогольдік масаң күйде жасауы ауырлататын мән-жай ретінде танылған.
Судья Нұрлан Айтбаев сот үкімін жариялап, сотталушыны қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (Дәрменсіз күйдегі кәмелетке толмаған адамды азаптау) және 99-бабының 3-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған жас баланы өлтіру) бойынша кінәлі деп таныған.
Қылмыстар жиынтығы бойынша оған төтенше қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Сондай-ақ сот сотталған азаматты қаза тапқан қыздың анасына моральдық зиянды өтеу ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеген.
Үкім түсіндіріліп жатқан кезде сотталушы есінен танып қалған. Осыған байланысты конвой қызметкерлері оны сот залынан қолтықтап алып шыққан.







