Бес күдіктіні сотқа апара жатқан полиция көлігі жол апатына ұшыраған
Қостанайда бес айыпталушыны сотқа апара жатқан полиция көлігі жол апатына ұшыраған,- деп хабарлайды Оpennews.kz ақпарат агенттігі.
Жол апаты 16 маусым күні Қостанай қаласындағы Бәймағамбетов пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған. Полицияның қызметтік көлігі жеңіл автокөлікпен соқтығысып, аударылып қалған.
Қостанай облысы полиция департаментінің мәліметінше, қызметтік автокөлік бес күдіктіні сотқа апара жатқан.
Оқиға орнында төрт жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеген. Апаттан кейін қызметтік көліктегі бес адам қалалық ауруханаға тексерілуге жеткізілген. Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, олардың барлығы бастапқы тексеруден өткен.
Облыстық полиция департаменті өкілдерінің айтуынша, жарақат алған екі полиция қызметкері әлі ауруханада тексеруден өтіп жатыр.







