WhatsApp-тағы бір хабарлама қазақстандықты шығынға батырған
Қазақстандық азамат WhatsApp арқылы танысымен сөйлесіп отырмын деп ойлап, 3,5 млн теңгесінен айырылды,- деп хабарлайды Opennews.kz ақпараттық агенттігі Zakon.kz сайтына сілтеме жасап.
Шымкентте полиция қызметкерлері өздерін азаматтардың туыстары мен таныстары ретінде таныстырып, алаяқтық жасаған ұйымдасқан топты ұстаған.Тергеу мәліметінше, күдіктілер шұғыл көмек қажет екенін айтып хабарлама жолдап, жәбірленушілерді өздерінің бақылауындағы шоттарға ақша аударуға көндірген. Солардың біріне алданып қалған азамат өзін танысымен хат алмасып отырмын деп ойлап, 3,5 млн теңге аударып жіберген. Арнайы операция барысында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері күдіктілер жалдап тұрған пәтерден 19 SIM-карта, 11 ұялы телефон және қылмыстық әрекеттерде пайдаланылған болуы мүмкін планшетті тәркілеген.
Қазіргі уақытта Астана мен Шымкент қалаларында жасалған алаяқтықтың екі фактісі анықталған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 7,5 млн теңгені құраған.
Сонымен қатар, алаяқтар WhatsApp мессенджері арқылы автокөліктер мен түрлі жүктерді тасымалдау қызметтерін ұйымдастыру кезінде де азаматтарды алдап жүргені белгілі болған.







